Дәрі-дәрмек бағасын dari.kz қосымшасы арқылы тексеруге болады
Қостанай облысындағы тексеру топтары баға өсіміне мониторинг жүргізеді

Қостанай облысында дәрі-дәрмек бағасын dari.kz қосымшасы арқылы тексеруге болады деп хабарлайды 24 Хабар.
Облыста дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттау фактілері жиілеген. Әсіресе дене қызуын басатын препараттар мен антибиотиктердің құны шарықтап тұр. Қазір аймақта бірнеше арнайы тексеру тобы құрылған. Олар дәріханаларды күнделікті аралап, баға өсіміне мониторинг жүргізеді. Тұрғындар 1424 сенім телефоны бойынша дәрілік заттардың қымбаттауына шағымдана алады. Мамандар дәрі құнына күмән пайда болса, Dari.kz мобильді қосымшасы арқылы оның шекті бөлшек бағасын тексеріп көруге шақырады.
«Меркаптопурин және ротацеф дәрілік препараттарын заңсыз сату фактілері әшкереленді. Қазір тексеруді бастадық. Оның нәтижесін кейінірек айтамыз. Новиган мен аспириннің қымбатқа сатылып жатқаны да анықталды», - дейді облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Ержанова.
Бағаны өсіргендер заң жүзінде қатаң жазаға тартылады.