«Қаражаттың тиімді жұмсалуын қатаң бақылау керек»: президент мәслихаттардың негізгі міндетін айтты
Былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асты
Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ форумында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті бюджетті басқаруға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір үкімет заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге салынатын үлес салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджетке беру мәселесін қарастырып отыр. Сонымен қатар, кейбір лицензиялық қызмет түрлерінен алынатын экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат та аймақтарға бағытталуы мүмкін. Бұл дұрыс ұстаным, өйткені түскен табыс алдымен сол аймақты дамытуға жұмсалуы тиіс. Мәслихаттардың негізгі міндеті – қаражаттың тиімді жұмсалуын қатаң бақылау. Бұл бюджетті жоспарлау мен орындау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі тәртіпте жергілікті бюджет бекітілген кезде депутаттарға тек жалпы мәлімет беріліп, тиісті түсініктемелер кешігіп беріледі. Бюджет жобасы соңғы сәтте мәслихатқа жолданатынына байланысты, депутаттар оны қысқа мерзімде қарап, қабылдауға мәжбүр болады. Соның салдарынан қаражат халықтың нақты қажеттілігін өтемей, тиімсіз жобаларға кетуі мүмкін, ал нақты жауапкершілік белгіленбейді», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, осы келеңсіздіктерге тосқауыл қою үшін бюджетті жоспарлау үдерісі әуел бастан өңірлік мүдделерге негізделіп, популизмді тоқтату керек.
«Біз жергілікті биліктің әлеуетін және аймақтардың қаржылық дербестігін біртіндеп күшейтіп жатырмыз. Былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асты. Бұл қаражаттың үштен бірі – елді мекендердің өз табысы. Оның үстіне, еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жетті. Бұл – едәуір жақсы көрсеткіш. Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болмақ. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбалар өндірісіне, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жаратады», - деді Тоқаев.