Алматыда курьердің көмегімен есірткі таратпақ болған шетел азаматы ұсталды (ВИДЕО)
Курьер жайсыз жағдайды бірден полицияға хабарлаған
Алматыда курьердің қырағылығының арқасында тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жеткізу қызметінің маманы кезекті тапсырысты орындау кезінде өзіне берілген қораптың ішіндегісі күмән тудырғанын байқайды. Қорап ішінде заңсыз зат болуы мүмкін деп күдіктенген ол бұл туралы бірден полицияға хабарлаған.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері сәлемдемені алуға келген азаматты анықтады. Полицейлерді көрген ер адам қашуға әрекеттенгенімен, көп ұзамай ұсталды. Қорапты тексеру барысында оның ішінен есірткі заттарына ұқсас зат табылды.
Ұсталған адамның шетел азаматы – Сьерра-Леоне Республикасының азаматы екені анықталды. Сондай-ақ оның Қазақстан аумағында көші-қон заңнамасын бұза отырып жүргені белгілі болды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды.
Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасыловтың айтуынша, бұл жағдай азаматтық жауапкершілік пен қырағылықтың маңызын айқын көрсетеді.
«Курьер өз жұмысын атқара отырып, күмән тудырған жағдайға бейжай қарамай, дер кезінде полицияға хабар берген. Соның арқасында тыйым салынған заттардың таралуының алдын алуға мүмкіндік туды. Мұндай фактілер полицияның ерекше бақылауында болады. Азаматтарды, соның ішінде курьерлік қызметтерді заңсыз схемаларға тартуға бағытталған кез келген әрекет қатаң түрде тоқтатылады», – деді Жәнібек Шынасылов.