Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі артты
2026 жылы өндіріс көлемін әрі қарай арттыру жоспарланып отыр
Қазақстанда энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрақты қарқын алып келеді: 2025 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 123,1 млрд кВт/сағ-қа жетті, бұл жоспарланған көрсеткіштен 4,4%-ға жоғары, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соңғы алты жылда елімізде электр энергиясын өндіру көлемі тұрақты өсу қарқынын көрсетіп, 106 млрд кВт сағаттан 123,1 млрд кВт сағатқа дейін артты. Генерацияның 16%-ға ұлғаюы энергетика саласының жоспарлы дамып келе жатқанын, сондай-ақ қолданыстағы қуаттарды жаңғырту мен жаңа нысандарды іске қосу жобаларының сәтті жүзеге асырылғанын айғақтайды.
«2025 жылғы оң нәтижелер Текелі энергия кешені мен Топар ГРЭС-інің нысандарын қоса алғанда, жалпы қуаты 166 МВт болатын дәстүрлі генерацияның жаңа жобаларын іске қосумен бекітілді.
2026 жылы өндіріс көлемін әрі қарай 126,5 млрд кВт/сағ-қа дейін арттыру жоспарлануда, бұл ретте негізгі өсім қуаттылығы 2,4 мың МВт болатын жаңа нысандарды пайдалануға беру есебінен қамтамасыз етіледі», – делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, жылдың негізгі жобаларына Қызылордадағы 240 МВт және Түркістандағы 1000 МВт бу-газ қондырғыларын іске қосу, Алматыдағы жиынтық қуаты 1100 МВт-тан астам 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО-ны жаңғырту, сондай-ақ Атырау мен Текелідегі қуаттарды кеңейту жұмыстары кіреді.