Боран, тұман, екпінді жел: 11 наурызда Қазақстанның көп өңіріне ауа райы бойынша ескерту жасалды
Синоптиктер бірнеше облыста желдің екпіні 30 м/с және одан да жоғары болуы мүмкін екенін ескертті
11 наурызда Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райының күрт нашарлауына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, елдің солтүстік, шығыс және орталық аймақтарында қар, бұрқасын, көктайғақ, тұман және қатты жел күтіледі. Кей өңірлерде желдің екпіні 30 м/с және одан да жоғары болуы мүмкін.
Павлодар облысының батысында, солтүстігінде және шығысында қар, бұрқасын және тұман болжанып отыр. Павлодар қаласында түнде қар мен бұрқасын күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан соғып, екпіні 15–20 м/с, кей уақытта 23–28 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.
Ақмола облысында да қатты жел күтіледі. Синоптиктердің болжамынша, желдің жылдамдығы 15–20 м/с болады, ал кей аумақтарда екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшейіп, жекелеген сәттерде 30 м/с және одан да жоғары болуы мүмкін. Осындай жағдай Көкшетау қаласында да байқалады.
Солтүстік Қазақстан облысында оңтүстік-батыстан соққан желдің күші 15–20 м/с болады, күндіз екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшейеді. Кей уақыттарда желдің жылдамдығы 30 м/с-тан асуы ықтимал. Петропавлда да осындай жел күтіледі.
Түркістан облысының таулы аудандарында қатты қар жауып, көктайғақ пен жаяу бұрқасын болуы мүмкін. Облыстың бірқатар аумағында тұман түседі. Жел солтүстік-шығыстан соғып, кей жерлерде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Қостанай облысында қар мен бұрқасын күтіледі. Желдің жылдамдығы 15–20 м/с, кей уақытта 23–28 м/с-қа дейін жетеді. Кей өңірлерде тұман түсуі мүмкін.
Қарағанды, Ұлытау және Ақтөбе облыстарында да қар, жаяу бұрқасын және тұман болжанып отыр. Желдің екпіні 15–20 м/с, кей жерде 23–28 м/с-қа дейін күшейеді.
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында қар, бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Түнде кей аумақтарда қатты қар жаууы мүмкін. Желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетеді.
Жетісу облысында түнде қар мен жаяу бұрқасын болжанған. Таулы аудандарда кей уақытта қатты қар жауып, тұман мен көктайғақ болуы мүмкін. Алакөл көлдері маңында желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетеді.
Атырау облысының батысы мен оңтүстігінде тұман түседі. Жел оңтүстіктен және оңтүстік-батыстан соғып, кей жерлерде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Маңғыстау облысында да жел күшейеді. Ақтауда және өңірдің батысы мен орталығында желдің екпіні 15–18 м/с болуы мүмкін.
Қызылорда облысында батыстан соққан жел оңтүстікке ауысып, күндіз облыстың солтүстігінде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Батыс Қазақстан облысының бірқатар аумағында қар, жаяу бұрқасын және көктайғақ күтіледі. Жел солтүстік-батыстан соғып, екпіні 15–20 м/с болады.
Синоптиктердің болжамынша, елорда Астанада да кей уақытта қар жауып, бұрқасын болуы мүмкін.