Астанадағы түнгі клубтардың бірінде жасөспірімдерге арнап ойын-сауық кеші өткен
Ұйымдастырушылар іс-шара туралы ақпаратты жасөспірімдер арасында таратқаны анықталды
Елордалық полиция қызметкерлері қаланың клубтарының бірінде кәмелетке толмағандарға арналған заңсыз ойын-сауық шарасының жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеру барысында ұйымдастырушылар іс-шара туралы ақпаратты жасөспірімдер арасында таратқаны анықталды. Сонымен қатар кештің жарнамасында балағат сөздер қолданылған атау пайдаланылған.
Мекеме ішінде алкогольдік ішімдіктерді тұтынған кәмелетке толмағандар анықталды. Жасөспірімдер Полиция басқармасына жеткізіліп, кейін ата-аналарына тапсырылды.
«Кәмелетке толмағандардың қоғамдық орында мас күйінде болуы және алкогольдік ішімдіктер ішуіне байланысты 8 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, мекеме әкімшілігі алкоголь өнімдерін белгіленген жасқа толмаған тұлғаларға сатқаны үшін жауапкершілікке тартылды. Іс-шараны ұйымдастырушы балағат сөздер қолданылған жарнаманы таратқаны үшін сот шешімімен ұсақ бұзақылық дерегі бойынша жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция ата-аналарға балаларының бос уақытын және қайда жүргенін бақылау қажеттігін еске салады. Ал ойын-сауық орындарының иелері мен әкімшілерін заңнама талаптарын қатаң сақтауға және кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатуға жол бермеуге шақырады», – делінген қалалық ПД хабарламасында.