Жамбыл облысында зейнеткер жер сатып аламын деп 2,5 млн теңгесінен айырылып қалды
Оның ақшасын қайтауға сот көмектесті
Жамбыл облысында зейнеткер жоқ жер телімі үшін 2,5 миллион теңге төлеп қойған. Ақшасын қайтаруға сот көмектесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Істі Байзақ аудандық соты зейнеткердің жауапкерден берешекті өндіру туралы талап-арызы бойынша қарады.
Сотта анықталғандай, 2,5 миллион теңгеге жер телімін сатып алу жөнінде келісім жасалған. Ақша берілгенімен, мәміле жүзеге аспаған. Кейін сатушының ешқандай жер телімі жоқ екені және бұрын да болмағаны белгілі болған.
Қолхатқа сәйкес, жауапкер ақшаны толық қайтаруға міндетті болғанмен, тек 500 мың теңгесін ғана қайтарған. Осыдан кейін зейнеткер сотқа жүгінген. Істі қарау барысында татуластыру рәсімдері қолданылып, тараптар медиация тәртібімен келісімге келді.
«Келісімнің шарттарына сәйкес, жауапкер 2 млн теңге көлеміндегі берешекті үш траншпен төлеуге міндеттелді. Ал талапкер талап-арызынан бас тартты. Медиативтік келісім сотпен бекітіліп, іс бойынша өндіріс тоқтатылды, талапкерге мемлекеттік баж қайтарылды», – делінген сот хабарламасында.
Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.