Өлім статистикасын дұрыс жүргізбесе, Қазақстанға санкциялар салынуы мүмкін – жоғары санатты дәрігер
Отандық дәрігер пневмониядан болған өлім коронавирустан екенін мойындау керек дейді
Жоғары санатты дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев елдегі коронавирус инфекциясынан тіркелген өлім-жітім статистикасы шындықтан мүлде алшақ дегенге сенімді.
Нейрохирург-дәрігер, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Мыңжылқы Бердіқожаев Ұлттық аза тұту күнінде видеоүндеу жариялап, Қазақстанда коронавирустан тіркелген өлім статистикасы теріс екенін, қатені тез арада мойындап, жағдайды дұрыстамаса, жағдай реттелген соң жалған статистика таратқаны үшін Қазақстанға жан-жақтан санкциялар салынуы мүмкін екенін ескертіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бүгін Ұлттық аза тұту күні... аурудан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтамын. Иманды болсын. Дәл қазір coronavirus2020.kz сайтынан өлім-жітім туралы статистиканы қарап шықтым. Статистика қатты бір өзгеріп жатқан жоқ. Сайтта коронавирус инфекциясынан қаза тапқан қазақстандықтардың саны 360 адамның айналасында деп көрсетілген. Бұл статистикаға елімізде пневмониядан көп тіркеліп жатқан өлім-жітім қосылмай отыр. Ал, қазіргі пневмония көп жағдайда вирусты инфекциядан болған ауру. Сондықтан, оны атипиялық пневмония деп толық сеніммен айтуға болады. Яғни, елімізде осы атипиялық пневмонияны жаңа коронавирус инфекциясы тудырып отыр. Бұл фактіні мойындау керек», - дейді Мыңжылқы Бердіқожаев.
Дәрігер бұл сөзіне дәлер ретінде қарапайым ғана мысал келтіріп отыр. Оның айтуынша, пневмонияның емдеу хаттамасы мен коронавирусты емдеу хаттамасын салыстыру ешқандай зерттеуді қажет етпейді, екеуі – бір хаттама.
«Клиникалық ем клиникалық хаттамаға сай болуы керек. Сонымен қатар, ауруханаға жатпаған, бірақ пневмонияға шалдыққан науқас бактерияға қарсы ем алып жүр, ал оны емдеудің терапиялық тәсілінде вирусқа қарсы, гормоналды дәрі-дәрмек, яғни, коронавирус инфекциясын емдейтін хаттамадағы дәрілер бар. Дәл осындай тәсілді емханалар да қолданып келеді. Яғни, емханаға қаралуға келген науқастарды коронавирусқа қарсы дәрілермен емдер жатыр. Ресми түрде оны ауруханаға түспеген пневмония деп санайды. Біздің жүйе қалай жұмыс істейтінін біле отырып, кейін бәрі аяқталып, жағдай тұрақталған соң, бізге айыппұл санкциялары салынады деп 100 пайыз сеніммен айтуға болады. Өйткені, олар клиникалық хаттамаға сай емес. Яғни, ол жай пневмония болса, оны емдеуде вирусқа қарсы дәрілер қолданбауы керек еді. Мен осы видео үндеудің алдында жазған постымда елімізде коронавирусқа қатысты статистиканың шындыққа жанаспайтынын айтқым келген. Рентген немесе компьютерлік томография адамның атипиялық пневмонияға шалдыққанын көрсеткен кезде, оны коронавирус инфекциясы деп танып, ПТР-тесттерге қатысты ойынды тоқтату керек. Ол дегеніміз, ПТР-тест көрсеткен фактілерді ғана коронавирус деп есептеу – теріс. Өйткені, кеше Джон Хопкинс университетінің зерттеуі шықты. Онда аурудың әртүрлі сатысында ПТР-тест әртүрлі нәтиже көрсететіні дәлелденген. Яғни, тест вирусты бірде тапса, бірде жалған нәтиже көрсететіні анықталған», - дейді ол.
Медицина маманы елдегі статистикаға қатысты бір шешімге келу керек екенін айтады.
«Республикалық денсаулық сақтау электронды орталығындағы достарымның арасында Денсаулық сақтау министрлігі басшыларына осы айтқанымды жеткізетін адамдар бар, солар басшылығына жеткізеді деп үміттенемін. Дәл қазір елде статистикаға қатысты жасалып жатқан әрекет – теріс. Кез келген нәрсе шындыққа жанасқанда ғана дұрыс болады. Бәрі таза, адал болғанда, санкциялар болмайды», - деген ойын жеткізді дәрігер.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан