$ 498.09  577.34  6.41
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ешкім ажал іздеп, себепсіз бармайды»: шетелде соғысқа қатысқандардың жазасын жеңілдету мәселесі көтерілді

Депутат жауапты органдардың басшыларына сауал жолдады

«Ешкім ажал іздеп, себепсіз бармайды»: шетелде соғысқа қатысқандардың жазасын жеңілдету мәселесі көтерілді
Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы ҚР Бас Прокуроры Берік Асыловқа және ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат сөз басында қазіргі кезеңде халықаралық қатынастар жүйесінде геосаяси және геоэкономикалық шиеленістер күшейгенін қозғап өтті. Мемлекеттер арасындағы санкциялық шектеулердің ұлғаюы мен әскери-саяси текетірестің жиілеуі әлемдік қауіпсіздік архитектурасына айтарлықтай әсер етеді. Осындай күрделі жағдайда әртүрлі тараптар қарулы қақтығыстарға адамдарды тарту үшін жалдау, алдау және үгіттеу тәсілдерін қолданып жатыр, дейді депутат.

«Өкінішке қарай, мұндай ықпалға түскен отандастарымыздың саны артып келеді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша (шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу) тіркелген қылмыстық істер саны жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, 2023 жылы – 23 іс, 2024 жылы – 36 іс, ал 2025 жылы – 141 іс тіркелді. Сол жылы 26 азамат сотталған. Бұл көрсеткіш әлемдегі әскери қақтығыстың ушығуы азаматтарды тарту әрекеттерінің де артқанын аңғартады», – деді депутат.

Жарқынбек Амантайұлы өз сөзінде халықаралық тәжірибеге назар аударды. Бірқатар мемлекет өз азаматтарының шетелдің ресми қарулы күштері құрамында ұрыс қимылына қатысуын автоматты түрде қылмыс деп санамайды. Қатаң жауапкершілік негізінен террористік ұйымдар қатарына қосылғандарға, әскери қылмыс жасағандарға немесе өз мемлекетінің ұлттық мүддесіне қарсы әрекет еткендерге қолданылады.

«Әрине, қарулы қақтығыс аймағына ешкім  ажал іздеп себепсіз бармайды. Бірі – әлеуметтік қиындықтың салдарынан, бірі – адасу немесе алдану арқылы, енді бірі – мәжбүрлеу жағдайында баруы мүмкін. Осындай жағдайға тап болғандардың дені табысты жұмыс табамыз деген үміттің жетегінде жүріп ұрынып қалғанын айтады. Құрыққа ілінгенін түсінген шақта, шегінерге жер жоқ, шарасыз жат елдің қанды майданының қатысушысына айналады. Артта аңырап, ата-ана, еңіреп отбасы мен жақындары қалады», – дейді депутат.

Сөзін жалғай отырып, өз ісіне өкініп, елге оралуға ниет білдірген азаматтар үшін қазіргі заңнамадағы қатаң санкция елеулі тосқауыл болып отыр. Тәубесіне келіп, Отанға оралған азаматтың ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы оның толыққанды қайта әлеуметтенуіне кері әсер етуі мүмкін.

«Оған қоса, сотталғандардың арасында Ресей елінің азаматтығын алғандары тағы бар. Мысалы, жуырда 6 жылға бас бостандығынан айырылған – Евгений Люфт сол елдің азаматы болған деген әңгіме бар.

Осы ретте, халықаралық тәжірибені және ұлттық қауіпсіздік мүдделерін ескере отырып, террористік ұйымдар құрамында болмаған және әскери қылмыс жасамаған азаматтарға қатысты қылмыстық саясатты ізгілендіру мәселесін қарастыру орынды деп санаймыз. Білместікпен бір сүрінген азаматтарымызды елден ерек қатаң жазаға тарту қаншалықты орынды?!» – дейді халық қалаулысы.

Осы орайда депутат келесі ұсыныстарды жолдады:

  1. Әлем елдерінің құқықтық тәжірибесін жан-жақты зерделеп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 170-172 баптарын жетілдіру және саралау бөлігін нақтылау бойынша заңнамалық өзгерістер пакетін әзірлеп, Парламент қарауына енгізу;
  2. Террористік ұйымдар құрамында болмаған, әскери қылмыс жасамаған және өз еркімен елімізге оралған азаматтарға қатысты құқықтық бағалаудың сараланған тетігін енгізуді қарастыру қажет. Атап айтқанда, олардың қоғамға қауіптілік деңгейін ескере отырып, шартты жаза, бас бостандығын шектеу, пробациялық бақылау немесе өзге де баламалы жазаны қолдану мүмкіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту;
  3. Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысып, елге оралған азаматтарды құқықтық, психологиялық және әлеуметтік оңалтуға бағытталған кешенді мемлекеттік бағдарлама әзірлеу.