$ 498.09  577.34  6.41
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Семейдегі алапат өрт: 6 адам дәрігер көмегіне жүгінді, 1 науқас ауруханаға жатқызылды

Оқиға орнына 5 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды

Семейдегі алапат өрт: 6 адам дәрігер көмегіне жүгінді, 1 науқас ауруханаға жатқызылды
Фото: ТЖМ

Семей қаласындағы ойын-сауық орталығында болған өрттен кейін 6 адам, оның ішінде 3 бала медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға орнына жедел медициналық жәрдемнің 5 бригадасы жіберілген. Зардап шеккендердің бір бөлігіне алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Басқарманың ақпарына сәйкес, 2 ересек адам мен 1 бала медициналық тексеруден бас тартып, оқиға орнынан өз бетінше кетіп қалған.

1 жәбірленуші көміртегі тотығымен улану диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Сондай-ақ тағы 2 бала жеке көлікпен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлік тексеруден кейін олар амбулаториялық бақылауға жіберіліп, үйлеріне қайтарылды. Мамандар олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалаған.

Денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекке қатысты жаңа өтініштердің тіркелмегенін атап өтті.

«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралуда. ҚР заңнамасына сәйкес жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз», – деп жазылған басқарма хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін Семей қаласындағы ойын-сауық орталығында ірі өрт шыққаны хабарланған болатын. Қазір тиісті қызметтер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.