$ 498.09  577.34  6.41
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Абай жұртшылығы Жаңа Конституцияға қолдау білдірді: өңірде ашық диалог өтті

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жалпыұлттық коалиция мүшелерімен бірге Абай облысында референдум қарсаңында бірқатар кездесу өткізді

Абай жұртшылығы Жаңа Конституцияға қолдау білдірді: өңірде ашық диалог өтті
Фото: Әли Ғалым

Абай облысында педагогтар, ардагерлер, зиялы қауым және жастар Жаңа Конституция жобасын қолдайтынын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелерімен бірге өңірге арнайы барып, жұртшылықпен бірқатар мазмұнды кездесу өткізді.

Сапарға Мәжіліс депутаттары Нұртай Сабильянов, Ерлан Саиров, Нартай Сәрсенғалиев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ақын Мұхтар Ниязов, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Олжас Сүлеймен және өзге де қоғам өкілдері қатысты.

Сапар аясындағы негізгі жиын Абай атындағы облыстық кітапхана ғимаратында өтті. Өңір активімен болған кездесуге 500-ге жуық адам жиналды. Олардың қатарында мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, саяси партиялар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, ардагерлер ұйымдары, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларының мамандары, ғылыми орта мен жастар қауымы бар.

Кездесудің негізгі өзегі – Жаңа Конституция жобасының мазмұны және 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызы.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің мәліметінше, құжатты әзірлеу барысында ашықтық пен қоғамдық қатысу қағидаты басшылыққа алынған. e-Otinish және eGov цифрлық платформалары арқылы түскен ұсыныстар назарға алынған.

«Жаңа Конституциядағы негізгі тұжырымдамалық ережелердің басым бөлігі тікелей Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен ұсынылды. Мәселен, жаңа преамбула Президенттің тұжырымдамалық тезистері негізінде әзірленді. Мемлекет басшысы – азаматтарымыздың мүддесін қорғауға бағытталған бірқатар норма мен жаңашыл бастаманың авторы», – деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға, билік тармақтары арасындағы өкілеттік пен жауапкершілік тепе-теңдігін күшейтуге, сондай-ақ адам капиталын, білім мен ғылымды және инновацияны стратегиялық басымдық ретінде дамытуға бағытталған.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов экономикалық кепілдіктердің күшейтілгеніне назар аударды. Оның айтуынша, меншік нысандарының барлық түрін қорғау, ұлттық заңнаманың басымдығын және ұлттық валютаның рөлін бекіту – бизнес пен инвестиция үшін тұрақты құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ал Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, білім, ғылым және инновацияны дамыту мәселесінің стратегиялық деңгейде бекітілуі адам капиталын нығайтуға бағытталған мемлекеттік қолдауды арттырады.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров заң шығару билігінің жаңаруы мен Құрылтайдың бақылау функцияларының күшейтілгеніне тоқталды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Алин Жаңа Конституция ұлттық мәдениет пен дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтуға серпін беретінін атап өтті.

Сапар барысында шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен де кездесу өтті. Талқылау мәдениет, тарихи жады және ұлттық бірегейлік төңірегінде өрбіді. Ерлан Қариннің айтуынша, Жаңа Конституция тек құқықтық құжат емес, қоғамның құндылық бағдарын айқындайтын заманауи қоғамдық келісім ретінде қарастырылады. Жоба негізінде адамға бағдарланған тәсіл жатыр, онда азаматтардың құқығы, бостандығы мен мүмкіндіктері мемлекеттік саясаттың басты өлшемі ретінде белгіленген.

Коалиция мүшелері кәсіподақ ұйымдарымен, педагогтар қауымымен, мәдениет саласы өкілдерімен, «СемАЗ» ЖШС еңбек ұжымымен және жастармен жүздесті. Диалог барысында еңбек адамының құқығын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту, білім мен ғылымды дамыту, өңір экономикасын тұрақты өркендету және жастардың өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігін кеңейту мәселелері қозғалды.

Жалпы, Абай облысындағы кездесулер өңір жұртшылығының алдағы референдумға бейжай қарамайтынын көрсетті. Қатысушылар Жаңа Конституция жобасы әділдікке, тұрақтылыққа және жаңғыруға негіз болатын құжат екеніне сенім білдірді.