Бақтияр Мәкен: Президент жүктеген міндеттер кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр
Мұнда жеке-жеке жетістіктер емес, тұтас даму моделі сипатталады
Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бақтияр Мәкеннің айтуынша, премьер-министр Олжас Бектеновтің мақаласы жай ғана көрсеткіштер мен жобалар туралы есеп емес. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген стратегиялық бағыттың нақты шешімдер мен тиімді жұмыс істейтін тетіктерге айналып жатқанын көрсететін мазмұнды құжат, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мәтінде анық логика бар: алдымен Мемлекет басшысы қойған міндеттер көрсетіледі, одан кейін олардың бюджет, инвестиция, заңнамалық өзгерістер және институттар арқылы қалай іске асырылып жатқаны баяндалады. Бұл – «Заң және тәртіп» қағидатының нақты көрінісі.
Мұнда жеке-жеке жетістіктер емес, тұтас даму моделі сипатталады. Экономиканы әртараптандыру, энергетиканы жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік басқаруды цифрландыру және атаулы әлеуметтік саясат мәселелері қарастырылған.
Материалдың басты ерекшелігі – тұрақтылық пен әділдікке басымдық берілуі. Экономикалық өсім, қауіпсіздік, әлеуметтік қорғаныс және азаматтардың сенімі біртұтас жүйе ретінде ұсынылады.
Әділетті Қазақстан осылайша қалыптасады: мұнда шешімдер кездейсоқ емес, заң мен тәртіпке, жауапкершілікке негізделген нақты стратегия аясында қабылдануда», – деді Бақтияр Мәкен.