Әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігі: конституциялық реформадағы олардың пікірі қандай болды
Ол референдумды да тілге тиек етті
«AMANAT» партиясының Әйелдер форумы – елдегі қоғамдық-саяси үдерістерге әйелдердің қатысуын күшейтуге бағытталған маңызды диалог алаңы. Форум аясында конституциялық реформаларды жүзеге асыру, гендерлік саясаттың басымдықтары, әйелдердің мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі және өңірлік даму мәселелері талқыланды. Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «Ақпараттық ресурстық орталық» директоры Алтынай Көбеева жаңа Конституция жобасы мен әйелдердің саяси өмірдегі рөлі жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Алматыда жаңа Конституция жобасын талқылау белсенді түрде жалғасып жатыр.
«Негізгі іс-шаралардың бірі ретінде Сенат депутаты Нұрия Ниязованың «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты мүшелерімен кездесуін айтуға болады. Алматыдағы Әйелдер қанаты реформаларды қолдап қана қоймай, жаңа Конституция жобасын қолдау жөніндегі қалалық Жалпыұлттық коалиция құрамында белсенді жұмыс істеп жатыр. «Есіктен есікке» акциялары өткізілді, белсенді әйелдер көпбалалы және ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға барып, Конституцияда бекітілетін жаңа әлеуметтік кепілдіктерді талқылады», - дейді Алтынай Көбеева.
Мәслихат депутаты атағандай, әйелдер қанаты «Конституция – әрқайсысы үшін» ұранымен бейнетүсіндірме сериясын іске қосты. Онда әйелдер пікір көшбасшылары алдағы референдумның маңыздылығы туралы өз тәжірибесі арқылы түсіндіреді.
Ол Астанадағы «AMANAT» партиясының әйелдер қанатының форумында қандай негізгі мәселелер талқыланғанын айтып берді.
«Ал әйелдер қанатының форумында конституциялық реформаларды іске асыру және елдің қоғамдық-саяси дамуындағы әйелдердің рөлін күшейтуге қатысты стратегиялық маңызды мәселелер қарастырылды.Негізгі назар үкіметтің тұрақты әрі теңгерімді саяси жүйе қалыптастырудағы рөліне, сондай-ақ әйелдердің қатысуы әлеуметтік сенімді арттыру, өңірлік тұрақтылық пен ведомствоаралық өзара іс-қимыл тиімділігінің факторы екеніне аударылды. Мемлекеттік гендерлік саясаттың басымдықтары да талқыланды.Сондай-ақ цифрлық форматта дербес деректерді қорғауды конституциялық тұрғыдан бекіту, ғылымды, инновацияны және білімді жаңғыртуды адам капиталының негізі ретінде тану мәселелері көтерілді», - деді Алтынай Көбеева.
Мәслихат депутаты атағандай, отбасылық құндылықтарды нығайту, некені ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындау, балалардың құқықтарын қорғау және қоғамдық қатысуды кеңейту де күн тәртібінде.
«Бағдарламада азаматтардың сұранысына бағытталған әділ әрі ашық мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру, инклюзивті қоғамды қолдау, табиғи ресурстарды қорғау қағидаттарын сақтай отырып «жедел даму қаласы» арнайы құқықтық режимін дамыту мәселелері қамтылады.Сонымен қатар «Халық кеңесінің» қоғамдық диалогты дамытудағы, азаматтарды шешім қабылдау үдерістеріне тартудағы және бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін күшейтудегі маңызы талқыланды.Тәжірибелік бөлім ауылдық өңірлерде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, әйелдер денсаулығын сақтау мен алдын алуға, азаматтық қоғам мен волонтерлік қозғалыста әйелдер көшбасшылығын нығайтуға арналды», - деді мәслихат депутаты.
Бір сөзбен айтқанда форумда конституциялық реформаларды жүзеге асыру және әйелдердің ел дамуындағы рөлін күшейту мәселелері талқыланған.
«Негізгі бағыттар саяси жүйедегі әйелдердің қатысуы, гендерлік саясат, цифрлық дәуірдегі дербес деректерді қорғау, ғылым мен білімді дамыту, отбасылық құндылықтарды сақтау, балалар құқықтарын қорғау, инклюзивті қоғамды қолдау, ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігі, әйелдер денсаулығы және азаматтық қоғамдағы көшбасшылық», - дейді ол.
Алтынай Көбеева атағандай, әйелдердің рөлі іргелі әрі көпқырлы.
«Олар тек қатысушы емес, сапалы өзгерістердің катализаторы.Әйелдер күн тәртібіне жиі ескерусіз қалатын әлеуметтік кепілдіктер, ана мен баланы қорғау, гендерлік теңдік, сапалы білім мен денсаулық сақтау қолжетімділігі, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес сияқты мәселелерді шығарды.Соның нәтижесінде Конституция қоғамның барлық тобының мүддесін қорғайтын құжатқа айналады. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, әйелдердің қатысуы келісімдердің тұрақтылығын арттырады. Әйелдер ымыраға бейім келеді және «адам қауіпсіздігіне» (тұрақтылық, құқықтық тәртіп) басымдық береді. Сонымен қатар көп құқық қорғау және волонтерлік ұйымдарды әйелдер басқарады, олар петициялар бастамашысы болып, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, конституциялық нормалардың орындалуын бақылайды. Қысқаша айтқанда, әйелдер реформалардың қозғаушы күші. Олар әлеуметтік әділеттілік пен қауіпсіздікке басымдық беріп, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтады», - дейді мәслихат депутаты.
Оның айтуынша, өңірлердегі әйелдердің бірігуі өте маңызды.
«Әрқайсысы өз аймағындағы мәселелер мен тәжірибені алып келеді. Бірлескен талқылау ел бойынша ортақ әрі тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.Мұндай кездесулер сенім мен ынтымақтастықты нығайтып, бастамалардың ұлттық деңгейде ықпал ету әлеуетін арттырады.Форум қорытындысы бойынша нақты ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу жоспарлануда. Барлық идеялар жинақталып, резолюция түрінде рәсімделді.Бұл құжат мемлекеттік органдармен және партиялық құрылымдармен әрі қарайғы өзара іс-қимылға негіз болады. Сонымен қатар форум нәтижелері AMANAT партиясы жанындағы Әйелдер қанатының алдағы қызметінің басым бағыттары мен жаңа жобаларын айқындайды», - дейді Алтынай Көбеева.