$ 498.09  577.34  6.41
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодарда бүлдіршіндерді екі апта бойы ұрып-соққан тәрбиеші 7 жылға дейін сотталуы мүмкін

Оқиға 2025 жылдың 2-19 маусым аралығында болған

Павлодарда бүлдіршіндерді екі апта бойы ұрып-соққан тәрбиеші 7 жылға дейін сотталуы мүмкін
Фото: istockphoto.com

Павлодарда балабақшаның бұрынғы тәрбиешісіне балаларды ұрып-соқты деген айыппен 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Irbistv.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетерлігі, 2025 жылдың маусым айында балаларының мінезі күрт өзгергеніне алаңдаған ата-аналар бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап шықпақ болады. Мектепке дейінгі мекемеден көрген көріністер оларды қатты шошытты. Қазір қылмыстық іс сот қарауында.

Бейнежазбалар тек жәбірленуші балалардың ата-аналарының ғана емес, жалпы қоғамның да ашу-ызасын туғызды. 33 жастағы тәрбиеші кішкентай балаларды жұлқылап, итеріп, лақтырып, ұрып-соққан. Тергеу мәліметінше, бұл әрекеттер 2-19 маусым аралығында, екі апта бойы жалғасқан.

«Біз оның заң аясында тиісті жазасын толық өтеуін қалаймыз. Бұл оған ғана емес, балаларға осылай қатыгездік жасайтындардың барлығына сабақ болуы тиіс. Бұл балалар – біздің болашағымыз. Неге біреу менің баламды ұрып, ал мен оны кешіруім керек? Жоқ, олай болмайды», – деді жәбірленушінің анасы Мария Терентьева.

Тергеу жарты жылдан астам уақытқа созылды. Әрбір балаға сараптама жүргізілді. Қазір сотта жиналған материалдар қарала бастады. Тәрбиешіге екі бап бойынша айып тағылып отыр. Қатігездік салдарынан 16 бала зардап шеккен, олардың төртеуі бірнеше рет қайталанған әрекеттерге байланысты азаптауға ұшыраған деп танылған. Прокурор айыптау актісін толық оқып берді.

«Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігі бойынша, яғни кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер жүктелген тәрбие мекемесі қызметкерінің бұл міндеттерді тиісінше орындамауы және кәмелетке толмағанға қатыгездік көрсету арқылы жасалған қылмысты жасады», – деді сотта Павлодар облыстық прокуратурасының прокуроры Кристина Тунгусова.

Бұрынғы тәрбиеші кінәсін толық мойындады. Ол – үш баланың анасы, соңғы баласын 2025 жылы дүниеге әкелген. Сот барысында жәбірленушілер, куәгерлер және айыпталушының өзі жауап береді. Прокурорлар сот отырыстарын көрсетілімдік форматта өткізуге бастамашылық етті. Алғашқы тыңдауға Павлодар қаласындағы балабақша қызметкерлері шақырылды.