Қазақстанда 34 елді мекен су басу қаупі бар аймаққа енді - үкімет
Қанат Бозымбаев үкіметте жиын өткізді
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Қазгидрометтің» ұсынған жаңартылған болжамды деректерін ескере отырып су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелерін қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елдегі ахуал туралы Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, Су ресурстары және ирригация, сондай-ақ Көлік министрліктері баяндама жасады.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, наурыз айы жылы әрі жауын-шашынды болады. Елдің басым бөлігінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болжанып отыр. Дереккөзге сүйенсек, сәуір айы да жылы болады деп күтіледі. Батыс өңірлерде, сондай-ақ елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болуы мүмкін.
Болжамды ескере отырып, су тасқыны қаупінің деңгейі бойынша Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары және Абай облысы қауіпті аймаққа жатты. Қауіп деңгейі орташа аймақтар қатарында Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстары, сондай-ақ Ұлытау және Жетісу облыстары.
Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстары қауіп деңгейі төмен аймақтарға кірген.
«Қазгидромет», Су ресурстары және ирригация министрлігі және Talsim-NG жүйесінің деректері негізінде 34 елді мекен су тасқыны болуы мүмкін аймақтарға енді», - деп хабарлайды үкімет.
Үкімет ықтимал төтенше жағдайларды жою үшін 39 мыңнан астам адам, 12 мыңнан астам техника, 4 мыңнан астам су сору құралы және 700-ге жуық жүзу құралын дайындаған. Жалпы, төтенше жағдайлар қызметі 1 наурыздан бастап тәулік бойы жұмыс істеуге көшкен.