$ 502.6  589.95  6.5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қарашығанақтағы экологиялық заңбұзушылық: 2,07 млрд теңге айыппұл салынды

Батыс Қазақстанда мұнай-газ операторы артық шығарындылар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Қарашығанақтағы экологиялық заңбұзушылық: 2,07 млрд теңге айыппұл салынды
Фото: kmg.kz

Батыс Қазақстан облысының экология департаменті «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының Қазақстандағы филиалына 2,07 млрд теңге көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, экологиялық прокуратураның арнайы талаптары негізінде компанияға жоспардан тыс тексеріс жүргізілген. Тексеру артық нормалық шығарындылар дерегі бойынша ұйымдастырылған.

«Тексеру 2026 жылғы 30 қаңтардағы №5 акт негізінде 3–16 ақпан аралығында жүргізілді. Нәтижесінде 2024 жылы компания атмосфералық ауаға 13,84 тоннадан артық ластаушы заттар шығарындыларын, сондай-ақ 0,05134355 тоннадан артық ағынды су шығарғаны анықталды. Осы деректер бойынша компания Қазақстан Республикасының экологиялық кодексінің 39, 106, 202 және 216-баптарының талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұзушылықтар әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 328-бабының 1 және 2 бөлімі бойынша квaлификацияланды», – делінген хабарламада.

Экология департаментінің дерегінше, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 2 077 749,9 мың теңгені, яғни 2,077 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытта аталған қаржыны өндіру бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Сонымен қатар, уәкілетті орган компанияны артық нормалық шығарындылар мен ағынды сулардың пайда болу себептеріне талдау жүргізуге міндеттеді. Бұдан бөлек, болашақта мұндай бұзушылықтарға жол бермеу үшін кешенді алдын алу шараларын әзірлеу талабы қойылған.

Айта кетейік, экологиялық талаптарды бұзу фактілері мұнай-газ секторындағы өндірістік бақылауды күшейту мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.