$ 497.56  586.92  6.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Шығын 8 млрд теңгеден асты»: Астанада құрылыс компаниясы бір пәтерді бірнеше рет сатқан

Прокурорлардың тексерісінен кейін былықтың беті ашылды

«Шығын 8 млрд теңгеден асты»: Астанада құрылыс компаниясы бір пәтерді бірнеше рет сатқан
Фото: istockphoto.com

Астана прокуратурасы «Qyran» тұрғын үй кешенінде пәтерлерді екі рет сату дерегі бойынша қылмыстық істі сотқа жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдікті тұлғалар құрылыс компаниясының қызметкерлері бола отырып, «Qyran» тұрғын үй кешенінің пәтерлерін екі рет сату арқылы адал азаматтарды алдағаны анықталды.

Қызметкерлер «International Invest Company IIC» ЖШС-нің атынан азаматтарға жылжымайтын мүлікті сату сылтауымен жылжымайтын мүлікті сату құқығын растайтын макеттер, техникалық паспорттар мен құжаттарды көрсеткен.

«Азаматтарға пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және тұрақ орындарын нарықтық құнынан төмен бағамен сатып алу ұсынылған. Сатып алу-сату шарттарын жасасудың орнына күдіктілер мемлекеттік тіркеуге жатпайтын брондау шарттарын, кепілге беру туралы келісімдерді, алдын ала шарттарды ресімдеген.

Алданған сатып алушылар күдіктілердің жеке шоттарына ақшаны аудару арқылы және қолма-қол ақшамен төлем жасаған. Компания қызметкерлерінің қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде келтірілген шығынның мөлшері 8 млрд теңгеден асты.

Соттың санкциясымен жалпы сомасы 7,4 млрд теңгені құрайтын жылжымайтын және жылжымалы мүлікке тыйым салынды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Үш күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы, төртіншісіне «кепіл» қолданылды.

Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілді.