Теңгенің айналымы мен қорғалуы мемлекет кепілдігінде болады – Үнзила Шапақ
Конституциялық мәртебе ақша-несие саясатын дербес жүргізуге құқық береді
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ жаңа Конституция жобасында теңгенің құқықтық мәртебесінің айқын көрсетілуі ел экономикасын нығайтуға бағытталған маңызды қадам екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, ұлттық валютаны конституциялық-құқықтық деңгейде бекіту – теңгенің тек заңды төлем құралы ғана емес, мемлекеттің қаржы-экономикалық егемендігінің негізгі тіректерінің бірі екенін айқындайды. Бұл норма ұлттық валютаның айналымы, тұрақтылығы және қорғалуы мемлекет кепілдігінде болатынын білдіреді.
«1993 жылғы 15 қарашада теңге айналымға енгізілді. Бұл тарихи күн Қазақстанның ақша-несие саясатын дербес жүргізу құқығына ие болған кезеңімен тығыз байланысты. Ұлттық валютаның енгізілуі елдің экономикалық дербестігін қамтамасыз етіп, инфляцияны бақылауға, қаржы жүйесін тұрақтандыруға ықпал етті және экономикалық қауіпсіздікті күшейтті»,- деді ол.
Үнзила Шапақтың пікірінше, Ата Заңда теңгені бекіту – тарихи сабақтастықтың және тәуелсіздіктің құқықтық жалғасы. Сонымен қатар жоба Қазақстан аумағында теңге жалғыз заңды әрі міндетті төлем құралы екенін нақтылайды.
«Ұлттық валютаның конституциялық мәртебесі Қазақстан Республикасының аумағында теңгенің айналымына мемлекет толық жауап беретінін және ақша-несие саясатын дербес айқындайтынын білдіреді», – деді депутат.