$ 497.56  586.92  6.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бес жыл ішінде бюджетке жекешелендіруден 977 млрд теңге түсті

Осы уақыт аралығында 402 нысан сатылды

Бес жыл ішінде бюджетке жекешелендіруден 977 млрд теңге түсті
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Қазақстанда 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары аясында 402 нысан сатылды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мемлекеттік активтерді сатудың аралық қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Бес жыл ішінде жекешелендіруден түскен жалпы сома 977,2 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, 68 нысанды қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылданды. Ең ірі мәмілелер қатарында ұлттық компаниялардың акцияларын қор нарығына (IPO/SPO) шығару шаралары бар:

  • «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ – 153,9 млрд теңге;
  • «KEGOC» АҚ – 22,6 млрд теңге;
  • «Air Astana» АҚ – 10,6 млрд теңге.

40 нысан неге сатылмай қалды?

Қазіргі таңда 40-тан астам нысан әлі де мемлекет меншігінде қалып отыр. Премьер-министр мұның бірнеше негізгі себебін атап көрсетті:

1. Сот процестері: мәселен, «Sabtech Jartas Mining» ЖШС мен «Алатау» АҚ төңірегіндегі даулар саудаға кедергі болған.

2. Инфрақұрылымдық жобалар: Кендерлі, Катонқарағай және Зайсан әуежайларындағы құрылыс жұмыстарына байланысты кейбір активтерді сату кейінге шегерілді.

3. Экологиялық бағдарламалар: «Таза Қазақстан» жобасына тартылған кәсіпорындар әзірге мемлекет бақылауында қалады.

4. Инвесторлардың қызығушылығының төмендігі және нарықтағы қолайсыз жағдайлар.

«Мемлекет бизнеске кедергі келтірмеуге тиіс»

Үкіметтің басты мақсаты бәсекелестік дамыған салаларда мемлекеттің үлесін азайту. Ол үшін 2024 жылдан бастап мемлекеттік кәсіпорындар айналыса алатын қызмет түрлерінің тізімі жаңартылды.

«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің «Yellow Pages» қағидасын сақтауын қатаң қадағалайды. Мемлекет бизнестің жолын бөгемеуі керек», — деді Олжас Бектенов.

Ендігі кезекте Бәсекелестікті қорғау агенттігі мен Мемлекеттік кірістер комитеті бірлесіп, жеке кәсіпкерлер жұмыс істей алатын салаларда мемлекеттік кәсіпорындардың ашылуына жол бермеу үшін арнайы мониторинг жүргізбек.