Таиландтан жолданған сәлемдеме: экс-әкімнің туысы есірткі ісімен қамауға алынды
Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Амалбек Тшановтың жиені Алматыда халықаралық пошта арқылы жеткізілген каннабис сығындысын алу кезінде ұсталды
Жамбыл облысы мен Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Амалбек Тшановтың туысы Жамалбек Бақдәулет Алматыда есірткі тасымалдау ісі бойынша ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақпаратты ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі растады. Ведомство мәліметінше, күдікті халықаралық пошта арналары арқылы Қазақстан аумағында есірткі өткізуді ұйымдастыруды көздеген. Тергеу деректеріне сәйкес, ол өз жоспарын іске асыру үшін қылмыстық әрекеттен бейхабар делдалдарды тартпақ болған. Бұған дейінгі кәсіпкерлік қызмет барысында алынған жеке деректерді пайдалануды да көздегені айтылды.
Агенттік ақпаратына қарағанда, 2025 жылдың тамыз айында күдікті Таиланд Корольдігінен каннабис сығындысын халықаралық пошта арқылы жіберуге келіскен. Сәлемдеме өткен жылдың қыркүйегінде Алматы қаласындағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде «Қазпошта» арқылы келген затты алу кезінде анықталып, Жамалбек Бақдәулет сол жерде ұсталған.
Қазіргі уақытта ол қамауда отыр. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Амалбек Тшанов – Қазақстанның саяси сахнасында танылған тұлға. Ол әр жылдары Жамбыл облысы мен Шымкент қаласының әкімі қызметтерін атқарған, сондай-ақ құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және аумақтық даму министрі болған. 1991 жылғы президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілі ретінде де жұмыс істеген.