СҚО-да полицейлер интернет-алаяқтар үптеп кеткен 18,6 млн теңгені қайтарды
Әйел адам валюта саудасына арналған арнайы қосымшаны жүктеймін деп қомақты ақшасын айырылып қалған
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер интернет-алаяқтық құрбаны болған тұрғынға 18,6 млн теңгені қайтаруға көмектесті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Өткен жылдың желтоқсан айының соңында Мағжан Жұмабаев ауданының 45 жастағы тұрғыны Instagram желісінде банктердің бірінің «тегін акциялар» арқылы табыс табу туралы жарнамасын көрген. Сілтеме арқылы өтіп, байланыс нөмірін қалдырғаннан кейін оған Telegram мессенджері арқылы өзін «сарапшы» ретінде таныстырған адам хабарласқан.
Әйел адам валюта саудасына арналған арнайы қосымшаны жүктеу ұсынылған. Кейін белгілі болғандай, бұл жалған қосымша болған. Онда көрсетілген мәліметтер нақты сауда процесіне еш қатысы болмаған.
Алғашында жәбірленуші 25 мың теңге салған. Көп ұзамай оған «алғашқы дивиденд» ретінде 11 мың теңге қайтарылған. Жоғары табысқа сенген әйел eGov порталындағы несие рәсімдеуге қойылған тыйымды алып тастап, банктерден қарыз алған, сондай-ақ туыстары мен таныстарынан қаражат жинаған. Екі ай ішінде ол алаяқтарға жалпы сомасы 18,6 млн теңге аударған.
Ақпан айында ғана алданғанын түсінген әйел полицияға жүгінген.
Жедел іс-шаралар барысында полицейлер Қостанай қаласының 25 жастағы тұрғынын анықтады. Ол жәбірленушілердің қаражатын криптовалютаға айырбастап, алаяқтық схеманы ұйымдастырушыларға жіберіп отырған деген күдікке ілінген. Күдікті бұл әрекетті «жеңіл табыс табу тәсілі» ретінде қабылдағанын айтқан.
Құқық қорғау органдары дропперлік қызметтің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін түсіндіргеннен кейін, күдікті келтірілген шығынды өтеу үшін қаражат тауып, оның анасы жәбірленушіге 18,6 млн теңгені толық көлемде қайтарып берген.
Қазіргі уақытта Мағжан Жұмабаев ауданының полиция бөлімі материалдарды процестік шешім қабылдау үшін аумақтық тиесілігі бойынша Қостанай қаласындағы әріптестеріне жолдауға дайындап жатыр.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың 200-ден астам дерегі тіркелген, оның 24-і инвестициялық схемаға қатысты. Полицейлер азаматтарды интернеттегі «жеңіл табыс» туралы уәделерге сенбеуге шақырады.