Ата Заңның архитекторы: Ерлан Қарин Президенттің жаңа Конституцияны әзірлеуге қалай қатысқаны жайында айтты
Жаңа Конституциядағы негізгі әрі қағидатты өзгерістердің басым бөлігін Мемлекет басшысы тікелей өзі ұсынды
Бейсенбі, 26 ақпан күні, «Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Ақтөбе облысының активімен кездесті. Іс-шара барысында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин елдің жаңа Ата Заң жобасы қалай әзірленгені туралы маңызды әрі қызықты деректермен бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Президент тек реформаларға бастамашы болып қана қоймай, жаңа Конституцияның негізгі ережелерінің тікелей авторы болды.
«Президенттің мемлекеттік құндылықтарға деген қастерлі әрі мұқият көзқарасының жарқын көріністерінің бірі – мәтіндермен жұмыс істеу мәдениеті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы түрлі құжаттармен жұмыс істегенде, өзінің сөйлейтін сөздерінде «Егемендік» және «Тәуелсіздік» ұғымдарын әрдайым бас әріппен жазады», – деп атап өтті Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесшінің пікірінше бұл жай ғана стилистикалық ерекшелік емес, елдің жоғары басшылығы ұстанатын қағидатты ұстаным.
«Президенттің ойынша, біздің де пікірімізше, бұл сөздер – қасиетті, қастерлі ұғымдар. Ата Заңның жаңа мәтінінде де осы ұстаным сақталды», – деді ол.
Ерлан Қариннің сөзінше, Президенттің тәжірибесі мол – ол мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі ең жоғары лауазымдарда қызмет атқарды. Мұндай қызметтерде әрбір сөздің дәлдігі үлкен мәнге ие. Сол себепті де тұжырымдарға айрықша мұқият қарайды.
«Ол ұзақ жылдар бойы Парламентте, Үкіметте, Халықаралық ұйымдарда қызмет атқарды. Сол себепті, құжаттармен жұмыс істеудің нюанстарын, ерекшеліктерін жақсы біледі. Әрбір сөздің салмағын жақсы түсінеді. Мұқият қарайды», – деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларға жалпы басшылық жасаумен шектелмей, жаңа Ата Заңның әрбір ережесін жеке өзі мұқият әзірлеуге тікелей араласқан. Президенттің тікелей бастамасымен Конституцияға іргелі өзгерістер енгізілді.
«Мемлекет басшысы Парламенттік және Конституциялық реформалар аясында ұсынылған әрбір бастаманы жеке әрі егжей-тегжейлі зерделеді. Сондықтан жаңа Конституциядағы негізгі әрі қағидатты өзгерістердің көбін ол өзі ұсынды. Мысалы, жаңа Преамбула Президенттің тұжырымдамалық тезистері негізінде әзірленді. Сол сияқты жаңа Конституциядағы үлкен жаңашылдықтардың, әсіресе қарапайым азаматтардың мүддесін қорғайтын жаңа нормалардың авторы да – өзі», – деп атап өтті мемлекеттік кеңесші.
Сөз соңында Ерлан Қарин Жаңа Конституцияда Мемлекет басшысының анық қолтаңбасы бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлын құжаттың негізгі басты авторларының бірі десек те еш қателеспейміз.
Еске сала кетейік, Президент Жарлығымен жаңа Конституция жобасы 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға шығарылды. Құжатты талқылау жарты жылға созылып, азаматтардан, сарапшылардан, саяси партиялар мен ұйымдардан түскен мыңдаған ұсыныстар ескерілді.