$ 496.85  585.54  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Білім мен медицина тегін болып қала береді: Аймағамбетов жаңа Конституция нормаларын жіктеп шықты

Әлеуметтік кепілдіктер қысқармайды, керісінше нақты бекітіледі

Білім мен медицина тегін болып қала береді: Аймағамбетов жаңа Конституция нормаларын жіктеп шықты
Фото: parlam.kz

Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін жалпыұлттық коалициясы 16 ақпаннан бастап ел аралап, қоғамның түрлі топтарымен кездесіп, жаңа Конституцияны талқылап жатыр. Коалиция мүшелері бірнеше күннің ішінде еліміздің тоғыз өңірін аралап, мыңдаған кездесу өткізді. Коалиция мүшесі ретінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов те бірнеше өңірді аралап қайтқанын айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Бір мәселені ашық айтуымыз керек, тек соңғы жеті жылда еліміз 30 жылда ойға келмеген іргелі және маңызды өзгерістерді бастан өткерді. Президенттің бастамасымен төрт саяси реформа пакеті жүзеге асты. Оған қоса, 2022 жылы қабылданған конституциялық реформаның орны ерекше. Бірақ соңғы жылдарда елдегі ғана емес, әлемдегі геосаяси ахуалдың өзгеруі, жасанды интеллект дәуірінің басталуы мемлекеттің басты құжатын қайта қарауды өзекті ете түсті. Былтыр біз қолданыстағы Конституцияның отыз жылдығын атап өттік. 30 жылда оның қанша өзгертулер мен толықтыруларды бастан кешіргенін білетін көп заңгер Ата заңның жаңадан қабылдануын қолдап отыр», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Депутаттың айтуынша, нақты нормаларға келетін болса, Құрылтай атауы, пропорционалды сайлау жүйесінің тиімділігі, халық кеңесінің құзыреті секілді мәселелер ақпарат кеңістігінде де, халықпен кездесулерде де кеңінен айтылып, жазылып жүр.

«Халықты мазалаған тақырыптың бірі білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы тегін қызмет көрсету мәселесі болып отыр. Жекелеген азаматтар тарапынан халықтың білім алу, дәрігер көмегіне жүгіну сияқты әлеуметтік сұранысы енді тек ақылы түрде болады-мыс деген жаңсақ, яғни фейк ақпарат таралып жатыр. Ал шын мәнінде Қазақстан әлеуметтік мемлекет болған және бола береді. Бұл жаңа Конституция жобасында да шегелеп жазылған. Оның айқын көрінісі мемлекеттік бюджеттің шамамен қырық пайызы әлеуметтік салаға бағытталатындығы. Сонымен қатар Ата заңның бірінші бабы мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп айқындайды», - дейді ол.

Аймағамбетов Жаңа Конституция жобасында бұл қызметтерді ақы төлемей алуға болатыны нақты жазылып отыр дейді.

«Сәйкесінше, денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы азаматтардың мүмкіндіктері одан сайын кеңейеді деп айта аламыз. Бұл қызметтер ақысыз деп айтылғанымен, олар әрдайым мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келді және болашақта да солай болады. Тағы қайталап айтайын, білім мен медицина азаматтар үшін ақысыз әрі қолжетімді болып қала береді. Сонымен қатар қолданыстағы Конституцияда жазылған «мемлекеттік жоғары оқу орындары» деген сөзді алып тастау ұсынылған. Бұл негізі дұрыс шешім. Неге? Өйткені бүгінгі таңда мемлекеттік гранттар арқылы студенттер тек мемлекеттік қана емес, жекеменшік жоғары оқу орындарында да тегін жоғары білім ала алады. Мысалы, бізде «КИМЭП» бар, Мақсұт Нәрікбаев университеті бар, «Тұран» сияқты жекеменшік университеттер бар. Олар жекеменшік болса да, грант ұтып алған студенттеріміз сол университеттерде мемлекеттік грантпен оқуға мүмкіндіктері болуы керек. Бұл дұрыс деп ойлаймыз», - деді Аймағамбетов.

Осылайша ұсынылып отырған нормалар аталған әлеуметтік кепілдіктерді қысқартуға емес, оларды Негізгі заңда заманауи әрі нақты түрде бекітуге бағытталған.

«Тағы қайталап айтайын, азаматтардың негізгі әлеуметтік қызметтерді ақысыз алу жөніндегі барлық бұрынғы кепілдіктері толық көлемде сақталады. Мұны да халықпен кездесулерде егжей-тегжейлі түсіндіріп жатырмыз. Қоғамдық ортада жиі айтылып жүрген тағы бір тақырып сөз бостандығына қатысты. Жаңа Конституция жобасында сөз бостандығы айқын бекітілген. Сондай-ақ сын айту құқығы мен адамның қадір-қасиетін әдейі қорлау ұғымдарының ара-жігі нақты ажыратылған. Лауазымды тұлғаларды сынауға, олардың қызметіне қатысты жағымсыз пікір білдіруге болады. Бізде, ашығын айтқанда, біршама лауазымды тұлғаларды қатты сынаймыз, ол дұрыс деп ойлаймын. Дегенмен ешкімді кемсітуге, қорлауға болмайды. Әр адамның ар-намысын мемлекет қорғауы тиіс деген қағида өте маңызды. Негізі, мұқият қарасақ, адамның абыройы мен ар-намысын қорғау, зорлық-зомбылықты насихаттауға тыйым салу қолданыстағы заңнамада бұрыннан бар. Бұл – халықаралық тәжірибеде кең таралған тәсіл», - дейді депутат.

Ол атағандай, даулы тақырыпқа айналған тағы бір мәселе арнайы құқықтық режим енгізу.

«Бұл тақырып әлі де қоғамда түрлі сұрақ тудырып отыр. Осы тұрғыда Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі, оның аумақтық тұтастығы мызғымас әрі ең басты құндылық екенін біз қоғамдық ортада жалықпай айтуымыз керек. Арнайы құқықтық режимдерді Конституция деңгейінде бекіту елдің экономикалық егемендігін күшейтуге бағытталған қадам. Мұнда мемлекеттің унитарлығы және толық бақылауы сақталады.Біз қазір ғылыми қалашықтар туралы арнайы заң жобасын дайындап, қарап жатырмыз. Сол қалаларда арнайы орта қалыптастыру, ғылымды дамыту бойынша жағдай жасау туралы ұсыныстар бердік, оны қарастырудамыз. Жалпы бұл жүйе инвесторларға заманауи жұмыс орындарын құру, қолайлы көлік желісін дамыту және инженерлік инфрақұрылым салу міндетін жүктейді. Яғни ол өз кезегінде тиісті өңірлерде халықтың өмір сапасын тікелей жақсартуға әкеледі», - дейді ол.

Депутат арнайы режим ірі жобалар үшін техникалық кепілдік беретінін айтты.

«Алатау» қаласы немесе Астана халықаралық қаржы орталығы деңгейіндегі жобалар ұзақ мерзімді және ауқымды инвестицияларды талап етеді, оны барлығымыз жақсы білеміз. Ал қарапайым заңдар бюджет тапшылығы немесе саяси конъюнктура өзгерген жағдайда оңай түзетілуі мүмкін. Ал конституциялық деңгейде бекітілген кепілдіктер инвесторға ойын ережелерінің кем дегенде бес-он жыл өзгермейтініне нақты сенім береді. Сондықтан бұл өте маңызды.Қорыта келгенде, жаңа Конституцияда заман талабына жауап беретін, прогрессивті қоғамның сұранысына сай келетін, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды нормалар қарастырылған. Құрметті әріптестер, референдумға аз уақыт қалды. Ауыл-аймақтарды аралап, халықпен кездесіп жүрген басқа әріптестерімді осы парламент мінбері арқылы қоғамдық пікірге талдау жасап, азаматтарды толғандыратын мәселелерге өз бағыттары бойынша түйінді мәлімет беруге шақырамын», - деп түйіндеді ол.