Ауыл шаруашылығында табыс өсіп жатыр, ал жалақы неге мардымсыз: депутат түйткілді мәселе көтерді
Мәжілісте ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту және жалақыны арттыру мәселесі көтерілді
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Тілектес Адамбеков Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдай отырып, ауыл тұрғындарының мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат сөз басында ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту мәселесі жайлы қозғады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспарын әзірлеу керек деп атап өтті. Аталған құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс.
2023 жылғы жағдай бойынша (2023 жылғы бағамен) ең төмен жалақы төленетін жұмыс орындары ауыл шаруашылығы саласында. Бұл елеміздегі әлеуметтік әділеттілік принциптеріне сәйкес келмейді. 2010 жылдан 2023 жылға дейін ауыл шаруашылығындағы нақты табыстардың жоғары өсуіне (382%) қарамастан, 2023 жылы орташа жалақы әлі де республикалық орташа көрсеткіштен 4,4 есе төмен», – дейді депутат.
Ол өз сөзінде бүгінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттырумен қатар, ауыл азаматтарының жалақысын арттыру мәселесі өте өзекті болып тұрғанын айрықша атап өтті.
Депутат осы мәселелерді назарға ала отырып, мынадай ұсыныстарын жеткізді:
- Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауына сәйкес ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі белгілейтін ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту жоспарын ұсыну;
- «сапалы жұмыс орны» тұжырымдамасы мақсаттары үшін жұмыспен қамту мерзімін жоғары қарай қайта қарау және оны 12 айға белгілеу;
- орта және ірі бизнесте жергілікті қамтуды дамыту жоспарларын ұсыну.