Түрмені цифрландыру: сотталғандарға смартфон ұстауға рұқсат берілуі мүмкін
ІІМ сотталғандарды ұстау тәртібін жаңартуды ұсынды
Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі ішкі тәртіп ережелерін қайта қарау ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ішкі істер министрлігі тиісті бұйрық жобасын «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарды. Құжат сотталғандарды ұстау шарттарын жаңғыртуды және олардың мінез-құлқын бағалау тетіктерін жетілдіруді көздейді. Ұсынылған өзгерістер жазасын өтеп жатқан азаматтарды ынталандыру мен тәртіпті жүйелеуге бағытталған.
Жобаға сәйкес, мінез-құлқының үшінші оң дәрежесі бар сотталғандарға «тыныштық сағатын» енгізу қарастырылып отыр. Ал қауіпсіздік деңгейі ең төмен мекемелерде жазасын өтеп жатқан азаматтарға мекеме аумағынан тыс жерде смартфон пайдалануға рұқсат беру мүмкіндігі қарастырылған.
Бұдан бөлек, аталған санаттағы мекемелерде сотталғандар кездесу ұйымдастыру немесе елді мекенге шығу жөніндегі өтініштерін өз-өзіне қызмет көрсету терминалдары арқылы бере алады. Министрлік өкілдерінің мәліметінше, бұл тетік мекеме қызметкерлері мен сотталғандар арасындағы тікелей байланысты азайтып, рәсімдерді ашық әрі жүйелі етуге бағытталған.
Әзірлеушілердің пайымынша, бұйрық жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыдан теріс салдарға әкелмейді.
Құжат 11 наурызға дейін қоғамдық талқылауда болады. Одан кейін ғана оның қабылдану мәселесі шешіледі.