Катонқарағай ауданында үш дорба есірткі табылды
Есірткінің марихуана екені белгілі болды
Катонқарағай ауданында үш дорба есірткі табылып, тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліемтінше, осы жылдың қаңтар айында Катонқарағай аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне аудан аумағында есірткі заттарының заңсыз сақталуы туралы жедел ақпарат келіп түскен.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында жеке үйі мен оның іргелес аумағын тексеру кезінде шаруашылық құрылыстарының бірінен жасырын орын анықталды.
Полиция қызметкерлері бастырма астындағы ас үй орындығының ішінен үш полимерлі пакетті тапқан. Пакеттердің ішінде ерекше иісі бар, қоңыр-жасыл түсті өсімдік тектес зат болған. Сонымен қатар, басқа үй-жайдан есірткі шегуге арналған құрылғылар табылып, тәркіленді.
«Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат – жалпы салмағы 1,7 килограмнан асатын кептірілген марихуана екені белгілі болды. Бұл көрсеткіш есірткі заттарының аса ірі мөлшеріне жатады.
Полиция қызметкерлері азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға және есірткі қылмысы мен нашақорлыққа қарсы күресте белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады. Егер сізге есірткі құралдарының заңсыз айналымы туралы фактілер белгілі болса, дереу 102 нөміріне хабарлауыңызды сұраймыз», – делінген облыстық ПД хабарламасында.