Қостанай облысында колледж ғимаратынан өрт шығып, бір адам қаза болды
Марқұмның 1968 жылы туғаны белгілі болды
Қостанай облысында екі күн ішінде екі өрт болды. Соның бірінде оқиға орнынан ер адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Alau.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
21 ақпанда Федоров ауданының Жаркөл ауылындағы колледж ғимаратында түтін шыққаны туралы хабар түскен. Өрт екі қабатты зертханалық корпустың бірінші қабатындағы қосалқы бөлмеде болған.
Тексеру жүргізу кезінде құтқарушылар 1968 жылы туған ер адамды ес-түссіз күйде тапты. Ол эвакуацияланып, медицина қызметкерлеріне тапсырылды, алайда оны құтқару мүмкін болмады. Өлімнің нақты себебін сот-медициналық сараптама анықтайды. Өрттің шығу себептері белгіленуде, өрт-техникалық сараптама тағайындалды.
Осыған дейінгі күні Ұзынкөл ауданының Крутоярка ауылында жеке тұрғын үй толықтай өртеніп кеткен. Оқиға орнына алғаш болып көршілес Пресногорьковка ауылынан ерікті құтқарушылар жеткен, алайда ол кезде ғимаратты толықтай от шарпыған.
Куәгерлердің айтуынша, қардан тазартылмаған жолдарға байланысты үйге жету қиын болған. Олардың сөзінше, көше қыс бойы тазартылмаған, бұл өрт сөндіру техникасының жедел жетуіне кедергі келтірген.
Қаза болғандар жоқ, алайда төрт адамнан тұратын отбасы баспанасыз қалды. Өрт сөндірілді, себептері анықталып жатыр.