ТЖД ескерту жасады: Алматының таулы аймақтарында қар көшкіні жүруі мүмкін
Құтқарушылар таулы аймақтарға барудан бас тартуды ұсынды
Төтенше жағдайлар департаменті Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына 23 ақпан күні таулы аймақтарға барудан бас тартуды ұсынды. Синоптиктер мен құтқарушылар өңірдегі ауа райының күрт нашарлауына байланысты ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» мекемесі таулы жерлерде қар көшкіні жүру қаупі жоғары екенін хабарлады. Мамандардың айтуынша, қазіргі ауа райы жағдайы адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
«Қала тұрғындары мен туристерден таулы аймақтарға серуендеуді уақытша тоқтата тұруды сұраймыз. Бұл қауіпсіздік үшін өте маңызды», - делінген ресми хабарламада.
Ауа райы болжамы
«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, өңірде дауылды ескерту жарияланды. 23 ақпанға қараған түні және таңертең мынадай табиғи құбылыстар күтіледі:
Алматы қаласында: Қою тұман түсіп, жол көрінісі нашарлайды;
Таулы аймақтарда: Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Қазіргі уақытта «Медеу» мұз айдынында, «Алма-Арасан» шатқалында және «Аюсай» бекетінде құтқарушылар түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Демалушыларға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылуда.
Көмек қажет болған жағдайда:
Егер сіз немесе жақындарыңыз тауда қиын жағдайға тап болсаңыз, келесі байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады:
1. 112 – Біріңғай кезекшілік қызметі;
2. 8 (727) 372-15-60 – Республикалық жедел-құтқару жасағы.
«Тауға шығар алдында әрқашан ауа райы болжамын тексеріп, ТЖД таратқан SMS-хабарламаларға құлақ асыңыз», – дейді құтқарушылар.