БҚО-да мүгедек баласы бар әйел адам сот арқылы меморганнан тұрып жатқан пәтерін тартып алды
Меморган баспананы жекешелендіруден бас тартқан
БҚО сотының мәліметінше, Ақжайық ауданының тұрғыны мемлекет тарапынан берілген тұрғын үйді меморган тегін жекешелендіруден бас тартқаннан кейін сотқа жүгінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотта анықталғандай, 2020 жылы жалдамалы тұрғын үй талап қоюшының қызына – бала кезінен II топтағы мүгедектігі бар, әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматшаға берілген. Өз бетінше заңды әрекеттер жасай алмайтындықтан, жалдау шарты оның анасы – қамқоршысымен жасалған.
Кейін отбасы пәтерді өтеусіз жекешелендіру туралы өтініш берген. Алайда уәкілетті орган тұрғын үй «мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасы» санаты бойынша берілгенін алға тартып, оны сатып алу арқылы ғана жекешелендіру қарастырылғанын хабарлаған.
Бұл шешіммен келіспеген азамат сотқа жүгінді. Сот мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар халықтың әлеуметтік осал топтарына жататынын атап өтті. Сонымен қатар I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар өздері тұрып жатқан тұрғын үйді тегін жекешелендіруге құқылы.
Әрекетке қабілетсіздік бұл құқықтан айырмайды, ал жалдау шартының қамқоршы атына рәсімделуі бас тартуға негіз бола алмайды, деп көрсетті сот.
Нәтижесінде олардың талаптары қанағаттандырылды. Сот мемлекеттік органға пәтерді өтеусіз жекешелендіруді жүргізіп, тиісті шешім қабылдауды міндеттеді.
Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.