БҚО-да әйел адамға бірнеше айдан бері тыныштық бермеген ер адам күтпеген жағдайға тап болды
Бөрлі аудандық соты сталкинг ісі бойынша үкім шығарды
БҚО сотының мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың қаңтарына дейін ер адам әйелді жүйелі түрде қудалаған. Ол үнемі қоңырау шалып, қорқытып хабарламалар жіберген, үйі мен жұмыс орнына барып, аңдып жүрген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ал 23 қаңтар күні ер адам мас күйінде дүкен маңында әйел адамды аңдып, сыртқа шыққан сәтінде қолынан ұстап, қарға құлатқан. Оған қасындағы әріптестері көмектесіп, шабуылдаушыны қуып жіберген.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындады. Прокурор оған 80 сағат қоғамдық жұмыс тағайындауды сұраған, ал жәбірленуші жаза мөлшерін соттың қарауына қалдырған.
Сот ер адамның әрекетін жәбірленушіге елеулі зиян келтірген заңсыз қудалау деп таныды. Сонымен қатар оның әрекеті ұзақ уақыт бойы жалғасып, әйелдің жеке қауіпсіздігі мен бостандығына қол сұққаны атап өтілді.
Нәтижесінде сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 346 мың теңге көлемінде айыппұл салды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасалуы мүмкін.