$ 494.66  581.87  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодарда көлік жуу орталығының қызметкері клиентінің қымбат көлігін айдап кетіп, апатқа ұшырады

Жағымсыз оқиға биыл 10 қаңтар күні болған

Павлодарда көлік жуу орталығының қызметкері клиентінің қымбат көлігін айдап кетіп, апатқа ұшырады
Фото: irbistv.kz

Павлодар тұрғыны 10 қаңтар күні құны 20 миллион теңгеден асатын Toyota Land Cruiser 200 жол талғамайтын көлігін жууға тапсырған. Көлік жуылғаннан кейін оталмай қалған соң, қызметкерлер бір тәулікке қалдыруды сұраған, иесі келісімін берген. Алайда түнде оған полиция қызметкерлері хабарласып, көліктің әуежай маңында жол-көлік оқиғасына түскенін мәлім етті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Irbistv.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Белгілі болғандай, көлікті 18 жастағы жігіт айдап кеткен. Автомобиль ішінде тағы бір жас жігіт пен екі қыз болған. Қазір жол талғамайтын көлік мүлде жарамсыз күйде. Иесі шығынды кімнен өндірерін білмей отыр.

Жәбірленуші өкілінің айтуынша, көлік жуу басшылығы жауапкершілікті толықтай мойнына алудан бас тартқан. Оның пікірінше, кінә тек көлікті айдап кеткен жуушыда емес, автокөлік тапсырылған мекеме басшылығында болуы тиіс. Себебі олар көлікті қабылдап алып, оны сол күйінде сақтауға міндеттенген.

Белгілі болғандай, көлікті айдап кеткен жігіт қарапайым отбасынан шыққан. Сонымен қатар, қызмет көрсететін орындарға көлік тапсырудың қауіпсіздігіне қатысты да сұрақтар туындап отыр. Тергеу барысына да наразылық бар, бір айдан астам уақыт өтсе де, іс қалай жүріп жатқаны туралы нақты ақпарат берілмеген, сараптама нәтижелері әлі жоқ.

Сондай-ақ анықтаушы көліктің бағасын білу үшін иесін өз есебінен эвакуатор жалдап, көлікті «Toyota-орталыққа» апарып, бағалатып, кейін айыппұл тұрағына қоюға мәжбүрлегені айтылды.

Павлодар қалалық оңтүстік полиция бөлімінің бастығының орынбасары Әлібек Салатовтың мәліметінше, көлікті заңсыз иелену фактісі бойынша күдікті ұсталып, кінәсін мойындаған. Сотқа дейінгі тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабы 1-бөлігі (ұрлау мақсатынсыз автокөлікті немесе өзге де көлік құралын заңсыз иелену) бойынша жүргізіліп жатыр. Шығын көлемі анықталып жатыр, сот авто-тауарлық сараптамасы тағайындалған. Оның нәтижесіне қарай түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, тәуелсіз бағалау шығын көлемін 6 миллион теңгеден астам деп көрсеткен. Алайда бұл ресми сот сараптамасы емес. Әзірге жол талғамайтын көлік иесі жаяу жүріп, істің бірнеше айға созылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.