$ 489.17  576.63  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тоқаев Бейбітшілік кеңесінде бірнеше ұсыныс жасады: Газаға көмек, 500 грант және Трамп атындағы награда

Қазақстан Газа секторын қалпына келтіруге қатысуға ниетті екенін білдірді

Тоқаев Бейбітшілік кеңесінде бірнеше ұсыныс жасады: Газаға көмек, 500 грант және Трамп атындағы награда
Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында сөз сөйлеп, Қазақстанның жаһандық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бастамаларын жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиын Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуымен өтіп, саммитке жиналған делегацияларға ілтипат білдірумен басталды. Мемлекет басшысы тарихи іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Дональд Трамп-қа алғыс айтты.

«Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өтіп жатқан кездесуіміз батыл әрі прагматикалық әрекеттер шешуші рөл атқаратын кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Шын мәнінде, бұл – сөз күйінде қалатын қарар қабылдайтын конференция емес, керісінше, нақты әрі мақсатты шаралар арқылы ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға үлес қосатын жиын. Президент мырза, Сіздің жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетуді көздейтін айқын мұратыңыз бен көреген қадамдарыңыз еліміздің Бейбітшілік кеңесіне қосылуына түрткі болды», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Бейбітшілік кеңесі – көпжақты күш-жігерді біріктіретін, заман талабына сай құрылым.

«Әлемде мұндай бастама көтерілген жоқ. Расында, бұл бұрын-соңды болмаған бетбұрыс. Өйткені бірге күш-жігер жұмылдырудың арқасында «Жасампаздық арқылы бейбітшілік» атты жаңашыл тұжырымдаманы немесе жобаны іске асыруға барлық мүмкіндік бар. Сондықтан, Президент мырза, Сіздің нақты іс-әрекет қана бейбітшілікке берік негіз қалайды деген ұстанымыңызды толық құптаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыру және өңірді қалпына келтіру жұмыстарына қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

«Қазақстан іскерлік және кәсіби беделі жоғары деңгейдегі халықаралық компанияларды тарта отырып, аймақты қайта қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына қатысуға ниетті. Бұл бағдарлама бойынша инфрақұрылым жасақтауға, үйлер мен тұрғын үй кешендерін, мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салуға болады. Әлемдегі ең ірі бидай өндірушілердің бірі саналатын еліміз Газа мен одан тысқары жерлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Қазақстан палестиналық студенттердің университеттерімізде білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуді жоспарлап отыр. Біз халықаралық деңгейде мойындалған электрондық үкімет саласындағы тәжірибемізбен және басқа да цифрлық шешімдермен бөлісе аламыз. Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. Яғни далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даяр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент Таяу Шығыста орнықты даму үшін жаңа тәсілдер қажет екенін атап өтті.

«Аталған ұстанымға арқа сүйей отырып, Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдады. Осылайша, біз аймақта және одан тысқары жерлерде прагматикалық экономикалық әрі гуманитарлық ынтымақтастыққа үлес қосамыз. Бұл Бейбітшілік кеңесінің ізгі мұратына толық сай келеді», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Кеңестің жаһандық күн тәртібін ескере отырып, Қазақстан түрлі деңгейдегі кездесулер өткізу арқылы бастаманы қолдауға дайын екенін растады.

«Сонымен қатар Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынамын. Бұл – оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ. Сіздің тегеурінді әрі көреген басшылығыңызбен Кеңес өзінің тарихи ізгі миссиясын абыроймен атқаратынына сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.