Аязда үсіп, көз жұмды: СҚО-да 73 жастағы әжейдің мәйіті табылды
Бұл – биылғы қыстағы осындай екінші жағдай
Петропавл қаласында 73 жастағы зейнеткер адасып кетіп, үсіп көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Таңертең үйінен шығып кеткен әжей сол күйі оралмаған. Кешке полиция қызметкерлері оның мәйітін үйінен алыс, адам жүрмейтін жерде – айналма жол бойындағы жырадан тапқан. Алдын ала мәлімет бойынша, зейнеткер адасып кетіп, өзін байқап, құтқарып қалар деген үмітпен жолға шығуға тырысқан болуы мүмкін.
Қайғылы оқиға ауа райы шамамен -5 градус болған күні тіркелген.
Бұл – биылғы қыстағы осындай екінші жағдай. Бір ай бұрын 76 жастағы зейнеткер дәрігер қабылдауына шығып, келесі күні өзі барған емхана маңындағы қар үйіндісінен табылған. Әйел жедел жәрдем көлігінде көз жұмған.
Полицияның мәліметінше, туыстары арыз берген кезде марқұмның осыған дейін де үйінен кетіп қалғанын, сондай-ақ есте сақтау қабілетінің бұзылуына байланысты ауруханада есепте тұрғанын хабарлаған.
«Әйелдің денесі айналма жол маңынан табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, өлімнің себебі – ағзаның жалпы үсуі», – деп хабарлады полиция.