Жас инженерлер: тұрақты даму су қауіпсіздігінен басталады
Ғылым мен цифрландыруға баса мән берілуі керек
«Қазсушардың» барлық өндірістік бөлімшелері мен инспекциялары жаңа Конституция жобасын талқылап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кеңеске қатысқандар еліміздің басты заң жобасындағы негізгі жаңашылдықтарды қарастырып, су шаруашылығы саласына және сала қызметкерлерінің еңбек жағдайына қатысты нормаларды талқылаған. Конституциялық өзгерістердің құқықтық маңызы мен құжатта көзделген қағидаттарды іске асыру мәселелері айқындалған.
«Инженер-гидротехник ретінде жаңа Конституция жобасында біздің салаға қатысты көп норманы көріп отырмын. Мысалы, су қауіпсіздігін басымдық ретінде бекіту, инновацияларға, ғылым мен цифрландыруға баса мән берілуі. Біз, жас мамандар, бұл өзгерістерге белсенді қатысуға дайынбыз», – деді «Қазсушар» РМК Шығыс Қазақстан филиалының инженер-гидротехнигі Дидар Ахметжанов.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасына сәйкес, барлық бассейндік су инспекцияларда жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған іс-шаралар өтіп жатыр.
«Жаңа Конституция жобасында тұрақты даму тұрғысынан қарастырылған экологиялық аспектілер қамтылған. Бұл жерде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының логикалық жалғасы айқын көрінеді. Әрбір қазақстандық өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, Ата заң жобасы бойынша пікірін айту үшін референдумға қатысуы тиіс деп есептеймін»,– деді «Қазсушар» РМК Қ. Сәтпаев атындағы канал филиалының жетекші инженер-гидротехнигі Светлана Жаркова.