Жағы сынған сарбаз ісі бойынша бөлім командирлері қызметінен босатылды
Мерзімді әскери қызметшіге күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды
Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызмет сарбазының денсаулығына зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, басшылық құрамындағы бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқиғаға байланысты тиісті тергеу амалдары басталған. Сонымен қатар әскери бөлімдегі жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беру үшін қызметтік тексеру жүргізілген.
Тексеру қорытындысы бойынша кадрлық шешім қабылданып, 4 лауазымды тұлға, әскери бөлім командирі, оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі атқарып отырған қызметінен босатылды. Бұдан бөлек, әскери бөлім командирінің орынбасары штаб бастығына, батальон командирінің орынбасарына және оның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарына қызметіне сәйкес еместігі туралы ескерту жарияланған. Бірқатар офицерлер мен сержанттарға қатаң тәртіптік жаза қолданылды.
Министрлік қабылданған шаралар лауазымына қарамастан әрбір әскери қызметшінің дербес әрі бұлтартпас жауапкершілігін қамтамасыз ету қағидатына негізделгенін атап өтті. ҚР заңнамасына сәйкес оқиғаның түпкілікті құқықтық бағасы тергеу нәтижесінде беріледі.
Бұған дейін зардап шеккен сарбаздың туыстары оны сержант темір затпен ұрып, жағын сындырғанын мәлім болған. Алайда күдікке ілінген сержант бұл айыптауды жоққа шығарып, жарақат төбелес салдарынан болғанын айтқан. Қарулы Күштер әскери полициясының бас басқармасы әскери қызметшіге қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін заңға сәйкес нақты шешім қабылданады.