$ 491.97  583.77  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жел жұлқып әкетті: Маңғыстауда сауда орталығының шатыры опырылды

Басқұдықта екпінді жел 100 шаршы метр шатырды ұшырып, 2 көлікке зақым келтірді

Жел жұлқып әкетті: Маңғыстауда сауда орталығының шатыры опырылды
Фото: lada.kz/

Маңғыстау облысында қатты желдің салдарынан сауда орталығының шатыры ұшып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 16 ақпанда Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында болған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, кешкі сағат 18:45 шамасында әлеуметтік желіде жүргізілген мониторинг барысында «Бақжан» сауда орталығында шатырдың ұшқаны анықталған.

Екпінді жел екі қабатты ғимараттың шамамен 100 шаршы метр шатыр жабындысын жұлып әкеткен. Нысанның жалпы аумағы 612 шаршы метрді құрайды.

Ұшқан шатыр сынықтары тұрақта тұрған 2 автокөлікке және 1 жарықтандыру бағанасына зақым келтірген. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына департаменттің қызметкерлері мен 2 техника жұмылдырылды.

Құтқарушылардың мәліметінше, аудан аумағындағы тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Синоптиктер дерегіне сәйкес, өңірде жауын-шашынсыз ауа райы сақталған, ауа температурасы +10°С болған. Оңтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы 10 м/с-қа жеткен.