$ 491.97  583.77  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жаңаөзенде ер адамнан есірткі мен ірі көлемде ақша табылды

Күдіктіден электронды таразы да табылды

Жаңаөзенде ер адамнан есірткі мен ірі көлемде ақша табылды
Фото: istockphoto.com

Жаңаөзенде полиция қызметкерлері есірткі заттарының заңсыз айналымының жолын кесті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, 7 ақпанда сағат 18:10 шамасында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кинологиялық орталықпен бірлесіп, «Кира» атты қызметтік иттің қатысуымен, «Бүркіт» арнайы бөлімшесінің қолдауымен және өңір прокуратурасының үйлестіруімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген.

Нәтижесінде есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар азамат ұсталды. Тексеру барысында одан «опий» заты салынған төрт түйіншек тәркіленді. Сонымен қатар тұрғылықты жерін тінту кезінде тағы бес түйіншек опий, электронды таразы, спутниктік байланыс құралы, GPS құрылғысы, дүрбі және ірі көлемде ақша табылған.

Сараптама қорытындысына сәйкес, заңсыз айналымнан алынған опийдің жалпы салмағы 273,14 грамды құрады.

Медициналық куәландыру нәтижесінде ұсталған адамның есірткі заттарын қолданғаны анықталды. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-1-бабы (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын және күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 2-бөлігі (есірткі құралдарын ірі мөлшерде заңсыз сақтау не өткізу мақсатында сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.