Блогер көтерген мәселе негізінде ДСМ Рудный қалалық ауруханасында тексеріс бастады
Комитет медициналық ұйымның қызметіне жоспардан тыс аудит жүргізаді
Рудный қалалық көпбейінді ауруханасына қатысты жоспардан тыс тексеру басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәлімдеуінше, тексеруге блогер Татьяна Турлайдың әлеуметтік желідегі жазбасы негіз болған. Ол Рудный қалалық ауруханасының терапиялық бөлімінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жетіспейтіні туралы мәлімдеп, бөлімшенің қамтамасыз етілуін тексеруді сұраған.
Оның айтуынша, анасы аталған бөлімде 3 аптадан бері ем қабылдап жатыр. Осы уақыт аралығында бөлімде физикалық ерітінді, бинт, тамшылатқыш жүйелер және бірқатар дәрі-дәрмек тапшылығы байқалған. Кей жағдайда медбикелер қажетті құралдарды өздері әкелуге мәжбүр болса, ал науқастар кей дәрілерді жеке қаражатына сатып алатыны айтылған.
«Кейбір медбикелер қажетті құралдарды үйден әкеледі, ал науқастар кей дәрілерді өздері сатып алуға мәжбүр. Мұндай жағдай базалық стационарлық көмек көрсететін бөлімде болып жатқаны ерекше алаңдатады… Мен Рудный қалалық ауруханасының қамтамасыз етілуін тексеріп, науқастарға қажетті деңгейде медициналық көмек көрсету үшін шара қабылдауды сұраймын», — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, жоспардан тыс аудит аясында медициналық ұйымның қызметі, сондай-ақ дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдармен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі тексеріледі.
«Аталған жағдай ведомство басшылығының жеке бақылауында. Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша қазіргі уақытта аурухананың бөлімшелері медициналық көмек көрсету үшін жеткілікті көлемде қажетті дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілген», — делінген комитет таратқан ақпаратта.
Тексеру қорытындысы бойынша халыққа сапалы әрі уақтылы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар қабылданады.