Майқайыңдағы жабық үйдің құпиясы: Павлодар облысында екі адамның мәйіті табылды

Үй ішінде болған 6 жастағы бала аман қалды. Қазір  оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды

Майқайыңдағы жабық үйдің құпиясы: Павлодар облысында екі адамның мәйіті табылды
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Павлодар облысының Майқайың кентінде 2 адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық тергеу бастап, барлық мән-жайды анықтауға кірісті. Құзырлы органдардың мәліметінше, қайғылы жағдай Баянауыл ауданында тіркелген. Аудан әкімдігінің дерегіне сүйенсек, отбасы мүшелерінің бірі ұзақ уақыт бойы дәрігер қабылдауына бармаған әрі мемлекеттік орган өкілдерін тұрғын үйге кіргізуден бас тартқан. Осыған байланысты 13 ақпанда тиісті санкциялар алынған соң полиция қызметкерлері үйге кіріп, 2 адамның мәйітін анықтаған.

Үй ішінде 6 жастағы бала да болған. Ол шұғыл түрде Майқайың ауруханасының балалар бөліміне жеткізілді. Медициналық тексеру нәтижесіне сәйкес, баланың денсаулығы қалыпты, жас ерекшелігіне сай дамып жатқаны анықталған, ешқандай ауытқулар тіркелмеген.

Заңды өкілдерінің болмауына байланысты бала алдағы уақытта «Үміт» әлеуметтік қызметтерге мұқтаждарды қолдау орталығы КММ-не орналастырылады. Аудан әкімдігінің мәліметінше, баланың жағдайы бұдан әрі мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында болады.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.