«Алло, бұл АФМ»: Павлодарда зейнеткер алаяқтарға 10 мың долларын беріп қоя жаздады
Алаяқтар өздерін Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкері ретінде таныстырған
Павлодар қаласында зейнеткер әйел телефон алаяқтарының құрбаны бола жаздады. Қаскөйлер оны қорқытып, жинаған қаражатын беруге көндірмек болған. Алайда полиция қызметкерлері мен банк қызметкерлерінің қырағылығының арқасында қылмыстық әрекет дер кезінде тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зейнеткердің айтуынша, оған белгісіз ер адам қоңырау шалып, өзін Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкері ретінде таныстырған. Ол әйелге бұрын жұмыс істеген кезінде дропперлерге көмектескендер тізіміне ілінгенін айтып, соған байланысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін жеткізген.
«Зейнеткерлікке шыққаныма 13 жыл болды. Соған қарамастан қатты қорқып, белгісіз адамдардың барлық нұсқауын бұлжытпай орындадым. Екі күн бойы олар маған қайта-қайта қоңырау шалып, ешкімге айтпауымды және ұялы телефонымды үнемі қосулы ұстауымды талап етті. Кейін такси шақырып, банктен ақшамды шешіп, оны долларға айырбастап, Грузияға аударуды тапсырды. Сонымен қатар, банк қызметкерлерін күмәндандырмау үшін ірі соманы не мақсатта аударып жатқанымды ойлап табуымды айтты», – дейді зейнеткер.
Банк кассасына келгенде кассир оған ақша аударымының мақсаты мен алушысы туралы сұрақтар қойған. Әйел қаражатты «жиеніне» жібермек болғанын айтқан. Кассирдің күдігі оянып, ол банктің қауіпсіздік қызметін, ал олар өз кезегінде полицияны шақырған. Нәтижесінде екі күн бойы зейнеткерді бақылауда ұстаған адамдардың алаяқтар екені анықталды.
«Полиция қызметкерлері мен банк мамандарына үлкен алғысымды білдіремін», – дейді зейнеткер өзінің бейнеүндеуінде.
Полиция департаменті азаматтарға тағы да ескертеді: қарт адамдар телефон алаяқтары үшін ең осал топ болып саналады. Олар сенгіш келеді, цифрлық технологияларды жетік меңгермеген және үрейге тез берілуі мүмкін. Осыған байланысты тұрғындарға сақ болуға және банктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері телефон арқылы кодтар сұрамайтынын және ақша аударуды талап етпейтінін есте сақтауға кеңес береді.
Сондай-ақ, егер егде жастағы адам мазасыз күйде көрінсе, немқұрайлық танытпай, полицияға хабарлау қажет, себебі бейжайлықтың салдары ауыр болуы мүмкін.