Ақтауда адвокат полицейдің бетінен теуіп жіберді (ВИДЕО)
Оның үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалды
Ақтауда ұсталған адвокат наркологиялық мекемеге жеткізу кезінде полицейдің бетін аяғымен теуіп жіберген. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Кадрдан полицейдің кісен салынған ер адамды екі әріптесінің сүйемелдеуімен ғимаратқа кіргізіп бара жатқанын, сол сәтте ұсталған азамат кенет бұрылып, тәртіп сақшысының бетінен тепкенін көруге болады.
Маңғыстау облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Ер адамға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды: қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу, күш қолдану, бөтеннің мүлкін қасақана жою және билік өкіліне қатысты күш қолдану фактілері бойынша. Қазіргі уақытта материалдар сотқа жолданды. Осыған дейін күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Сот санкциясынан кейін оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», – деп мәлімдеді ведомство.
Оқиға 2025 жылғы 9 қарашадан 10 қарашаға қараған түні жеке монша кешенінде болған. Мекеме иесі Әмина Зайытованың айтуынша, ер адам шамамен сағат 13:00-де мас күйінде келген, алайда бастапқыда өзін сабырлы ұстаған. Кейін оған танысы мен бірнеше қыз қосылған. Компания тамақ, алкоголь, кальян және қосымша қызметтерге тапсырыс берген.
Таңға жуық келуші агрессивті әрекет ете бастаған. Полиция келген кезде ол өзіне-өзі жарақат салып, интерьер заттарына соғылып, қарсылық көрсеткен. Сондай-ақ құқық қорғау органының қызметкерімен жанжалдасып, оған дене жарақатын келтіріп, формасын бүлдірген.
Оқиға салдарынан монша кешені де зардап шеккен. Мекеме иесінің айтуынша, жалпы материалдық шығын шамамен 3,3 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде сынған телефондар, бүлінген әшекейлер және емделуге кеткен шығындар бар.