MNU профессорлары жаңа Конституция жобасын қолдады
Университетте «Жаңа Конституция – мемлекеттілік дамуының жаңа кезеңі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Іс-шараға қатысушылар бұқаралық ақпарат құралдарында бүгін жарияланған жаңа Конституция жобасын талқылады. PhD докторы, MNU профессоры Марат Ахмади Ата заңның мемлекеттік тілдегі мәтініне кешенді түзетулер енгізу бойынша жүргізілген жұмыс туралы айтып берді. Сонымен қатар Конституциялық комиссияның мүшелері - заң ғылымдарының докторлары, MNU профессорлары Үнзила Шапақ пен Индира Әубәкірова , сондай-ақ Конституциялық комиссияның мүшесі - MNU басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев комиссия жұмысының қорытындылары туралы баяндап, жаңа Конституция жобасында университет профессорларының ұсыныстары ескерілгенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өздерінізге мәлім, күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда Жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Біз еліміздегі заңгерлер қауымдастығы шоғырланған және құқықтық ғылым саласының қара шаңырағы ретінде белгілі университетімізде жаңа Ата заң жобасын алғашқылардың бірі болып талқылау міндетіміз деп санадық» - деді MNU Басқарма төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Талғат Нәрікбаев.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстанның алғашқы Конституциясын әзірлеуге қатысқан университет профессорлары да сөз сөйледі. MNU Emeritus Professor-ы, заң ғылымдарының докторы Төлеш Қаудыров 1993 жылғы Конституция мен 1995 жылғы Конституциямен салыстырғанда жаңа Ата заң жобасында оң айырмашылықтар мен жақсартуларды атап өтті. Айта кетейік, MNU ғалымдары Конституцияның қазақша нұсқасына терминологиялық қателер, мағыналық дәлсіздіктер, грамматикалық сәйкессіздіктер мен құқықтық-лингвистикалық қайшылықтарды түзету бойынша ұсыныстар енгізген болатын.
«Жаңа Ата заң жобасы көптеген құндылықтарды қамтыды. Конституцияның рухы едәуір артты, біздің ұлттық біртектілігіміз нығайды, сондай-ақ қазақстандықтар ретінде біздің бірегейлігімізді көрсететін ережелер көзделген. Бүгін жарияланған жоба ортақ шешім нәтижесінде қалыптасты. Конституциялық комиссия қызметі мен түрлі алаңдардың жұмысы қоғамның пікірін, көңіл-күйі мен идеяларын барынша ескеруге бағытталған», - деді MNU Associate Professor-ы, Конституциялық комиссияның мүшесі Индира Әубәкірова.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар осы диалог алаңының жұмысын жалғастыруды ұсынып, жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді.