Петропавлда оқушы мектепке тапаншамен келген: жасөспірім мен ата-анасы жауапқа тартылды
Пневматикалық тапанша алып келген оқушы дүрбелең туғызды
Петропавл қаласындағы мектептердің бірінде жоғары сынып оқушысының сабаққа тапанша алып келгені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 5 ақпанда болған. Әлеуметтік желілерде тараған ақпарат қоғамда алаңдаушылық туғызғаннан кейін Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Тексеру барысында оқушы алып келген зат атыс қаруы емес, пневматикалық тапанша екені анықталды. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Белгілі болғандай, қаруды 11-сыныпта оқитын 17 жастағы оқушы алып келген. Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының мәліметінше, жасөспірім осы мектепте білім алады, мінездемесі оң және бұған дейін тәртіп бұзушылықтармен көзге түспеген.
Оқушы мектеп ғимаратына сабақ басталуына шамамен 10 минут қалғанда кірген. Үзіліс кезінде ол параллель сыныпта оқитын достарына тапаншаны көрсетіп, кабинеттердің бірінде еденге қарай оқ атқан. Мұны байқаған оқушылардың бірі ата-анасына хабар берген, кейін ақпарат мектеп әкімшілігіне жеткізілген.
Қару жасөспірімнен күш қолданусыз тәркіленді. Мұғалімдер оны сыныптан көмек қажет деген сылтаумен шығарып, сыртта күтіп тұрған күзет қызметкерлері мен полиция қызметкерлеріне тапсырған. Жасөспірім тапаншаны достарына көрсету, яғни өзінде қару бар екенін дәлелдеу үшін алып келгенін түсіндірген. Қарудың оған қалай тигені әзірге нақтыланбады.
Соған қарамастан, қоғамдық тәртіпті бұзып, дүрбелең туғызғаны үшін кәмелетке толмаған оқушы ұсақ бұзақылық фактісі бойынша жауапкершілікке тартылды. Ал оның анасы ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 43 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады.
Полиция департаментінің мәліметінше, білім беру органдарына осындай жағдайлардың алдын алу және мектептердегі қауіпсіздік талаптарын күшейтуге бағытталған ұсыныстар енгізілген. Тексеру толық аяқталған соң мектеп басшылығы мен осы білім ордасындағы қауіпсіздікке жауапты күзет агенттігі қызметкерлерінің әрекетіне де құқықтық баға берілуі мүмкін.