$ 491.88  585.83  6.36
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Нұралы Әбішев: Жаңа Конституция мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтады

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы жаңа Конституция жобасын қолдады

Нұралы Әбішев: Жаңа Конституция мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтады
Фото: Видеодан скрин

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев жаңа Конституция жобасы елдің саяси-құқықтық және қоғамдық дамуына тың серпін беретінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол сөз басында жаңа Конституция жобасының ұсынылуы елдің саяси-құқықтық және қоғамдық дамуының жаңа белесін айқындап беретінін, бұл ауқымды өзгерістер ұзақ жылдар бойы пісіп жетілгенін, қоғамдық сұраныстың, уақыт талабының заңды нәтижесі деуге болатынын атап өтті.

«Азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы және билік тармақтары арасындағы өзара қарым-қатынастардың оңтайлы болуы Түркістан облысының тұрғындары үшін ерекше маңызға ие. Біздің аймақ – халқы ең тығыз орналасқан облыстардың бірі. Өңірде жұмыс істегендіктен, билік жүйесінің ашық және өзара байланыста болуының қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Бұл ретте жаңа Конституция жобасы азаматтардың қоғамдық және саяси өмірге белсенді қатысу мүмкіндігін күшейтеді. Яғни мемлекетте жүргізіліп отырған саясатта халықтың пікірі мемлекеттік шешімдер әзірлеу және іске асырылу барысында мұқият ескеріледі.  

Өңірлер үшін бұл тұрғындарды, қоғамдық бірлестіктерді, жастар өкілдері, кәсіби қауымдастықтарды ел дамуы мәселелерін талқылауға қатыстыру мүмкіндіктерін кеңейте түседі. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, осындай тарихи мән-маңызы бар мәселені халық талқысына шығару қабылданатын шешімдердің сапасына, оған деген қоғам сенімінің артуына тікелей әсер етеді», – дейді Нұралы Әбішев.

Ол сөзін жалғай отырып, халқы көп Түркістан облысында әсіресе жастар, жас отбасылар қатары қалың екенін, сондықтан келешекке деген нық сенімді нығайта түсу міндетінің маңызы өте зор екнін тілге тиек етті.

«Төрт баланың әкесі ретінде өзім де жаңа жобаға ұсынылып отырған әрбір өзгеріске тек кәсіби қызмет тұрғысынан емес, болашақ ұрпақ қандай жағдайда өмір сүріп, еңбек ететіні туралы ойлайтын осы елдің азаматы ретінде қараймын. Бұл ретте жаңа Конституция жобасы мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтып, мемлекеттік мәселеге ел азаматтарының ерте жастан бастап жол ашатын маңызды қадам деп білемін. Әсіресе, жаңа редакцияға енгізілген заң мен тәртіптің басымдығы, озық ойлы ұлт қалыптастыру, табиғатқа ұқыпты қарау сынды құндылықтар бүлдіршін балалардан бастап қоғамның әр мүшесіне ортақ мәдениет ұғымын дұрыс түсінуге мүмкіндік береді. Халық арасында жүретін азамат ретінде, кәсіпкер ретінде де мұндай тәсілдің тиімді әрі дұрыс екенін сеніммен айта аламын.

Менің ойымша, өзара тең дәрежелі әрі есеп беретін билік жүйесін құру аса маңызды. Бұл ретте өкілеттіктердің нақты бөлінуі, өкілді органдардың күшеюі және атқарушы биліктің есеп беруі өңірлерден басқарудың жауаптылығын арттыруға мүмкіндік береді. Яғни өңірлер үшін бұл – жергілікті мәслихат жұмысының тиімді бола түсуі, әр өңірдің жергілікті ерекшеліктері мен халық сұранысын ескеру. Сондықтан азаматтардың мүддесі мен өңірлер дамуына бағдарланған Конституцияның жаңа жобасы қоғам қолдауына ие деп сенемін. Жаңа Конституцияның жаңа жобасы халыққа ұсынуға толықтай дайын деп бағалаймын», – деп Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы сөзін қорытындылады.