Тағы бір қазақстандық теннисші әлемдік рейтингтің үздік ондығына енді
Ол осыған дейін рейтингте 11-орында тұрған
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина әлемнің үздік 10 теннисшісінің қатарына қайта оралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) жаңартылған рейтингінде қазақстандық спортшы бір сатыға көтеріліп, 10-орынға жайғасты.
Үздік ондықтың қатарына қайта кіруге Аннаның Australian Open-2026 турниріндегі сәтті өнері себеп болды. Ол бұл жарыста сербиялық Александра Круничпен бірге жұптық сайыста финалға дейін жетті.
Мельбурндегі турнир аяқталғаннан кейін Данилина рейтингтің 11-сатысында тұрған еді. Алайда өткен апта ішінде ол былтырғы ұпайларын қорғай алмаған латвиялық Елена Остапенкодан озып кетті.
Осыған дейін, 2025 жылдың маусым айында «Ролан Гаррос» турнирінің финалына шыққаннан кейін Анна Данилина жеке рекордын жаңартып, әлемдік рейтингтің 8-орнына дейін көтерілген болатын. Ал өткен маусымды қазақстандық теннисші 15-орынмен аяқтады.
Айта кетейік, 17 жастағы қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы Australian Open-2026 турниріндегі сәтті өнерінің арқасында ITF Juniors рейтингінде 9-орынға көтерілген.
Ал Елена Рыбакина Australian Open-2026 турниріндегі жеңісінен кейін әлемнің үшінші ракеткасы атанды.
Сол сияқты теннисші Александр Бублик Гонконгта өткен ATP 250 турнирінің финалында әлемнің алдыңғы қатарлы теннисшілерін қапы қалдырып, үздік ондыққа енді.