Алматыда 6 млрд теңге ұрлаған: түрік азаматы Черногориядан Қазақстанға экстрадицияланды
Ол енді 10 жылға сотталуы мүмкін
Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері аса ірі көлемде ақша ұрлаған үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Черногориядан түрік азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу барысында аталған жеке тұлға құрылыс компаниясының басшысы бола отырып, 2022-2024 жылдар аралығында жалған келісімшарттар жасап және үлестес ұйымдар арқылы Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің құрылысына арналған 6 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырғаны анықталды.
«Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. 2025 жылдың наурыз айында ол Черногорияда ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.