Елімізде карантин режимі қайта ұзартыла ма – министр жауабы
Елде 5 шілдеден бері 2 апталық карантин енгізілген
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еліміздегі карантин режимінің қандай жағдайда ұзартылуы мүмкін екенін айтты.
Айта кетейік, бүгін ведомство басшысы Орталық коммуникациялар алаңында журналистерге арнап брифинг өткізді.
«Карантин мерзімін созуға тоқталсам, әуел баста карантин енгізу туралы ұсыныс енгізілгенде бизнес қауымдастыққа қолайлы ету, сондай-ақ, аурудың тарауына жол бермеу шараларын күшейту мәселелерін қарастырдық», - деді А. Цой.
Оның айтуынша, карантин уақытын ұзарту жайы қазіргі шектеу шараларының мерзімі аяқталғанда белгілі болады.
«Карантин мерзімі туралы айтпастан бұрын, 14 күндік инкубациялық кезеңді бітіріп алуымыз керек. Біз қазір алғашқы нәтижелерді қарап жатырмыз. Бірақ, нақты нәтижені екінші аптаның соңында білетін боламыз. Тек сол кезде ғана карантинді ұзартамыз ба, жоқ па деп нақты айта аламыз. Біз қазір өз ғалымдарымызбен, шетелдік мамандармен бірлесіп зерттеп жатырмыз», - деді министр.