UAE SWAT Challenge: Қазақстан командалары турнирдің алғашқы күндерінде көш бастады
Дубайдағы халықаралық сайыстың алғашқы күнінде Қазақстанның 4 командасы үздік ондыққа енді
Қазақстанның арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің командалары Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтіп жатқан UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінің алғашқы күнін жоғары нәтижемен аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
48 мемлекеттен келген 109 арнайы жасақ командасы қатысқан байрақты бәсекеде Қазақстан атынан сынға түскен 4 команда да турнир кестесіндегі үздік ондыққа енді. Жарыстың бірінші күнгі қорытындысы бойынша Kazakhstan C командасы жалпы есепте көш бастап тұр. Kazakhstan D екінші орынға жайғасса, Kazakhstan B төртінші нәтиже көрсетті. Ал Kazakhstan A командасы алғашқы ондықты түйіндеп, 10-орынға орналасты.
Сонымен қатар, еліміздің Tomiris қыздар командасы жалпы есепте 20-орынды иеленді. Бұл – турнирге қатысқан әйелдер командалары арасындағы ең үздік көрсеткіш.
Қазақстан құрамалары бір тудың астына ҚР Мемлекеттік күзет қызметі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті және ҚР Ішкі істер министрлігі арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің ең таңдаулы жауынгерлерін біріктірген.
UAE SWAT Challenge турнирі 5 күнге созылады. Халықаралық сайыс 11.02.2026 күні мәресіне жетеді. Алда әлі бірнеше кезең бар, қазақстандық командалар жарыстың келесі күндерінде де жоғары нәтиже көрсетеді деген сенім мол.