$ 494.63  583.22  6.42
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда қайғылы апаттан кейін дрондар іске қосылды

Инспекторлар алғашқы сағаттарда 200-ден астам ереже бұзу дерегін тіркеді

Алматыда қайғылы апаттан кейін дрондар іске қосылды
Фото: © istockphoto.com

Алматы полициясы қаланың ең қауіпті учаскелерінің бірі – Райымбек даңғылы мен Розыбакиев көшесінің қиылысында жаппай тексеріс жүргізіп жатыр. Көтерме-бөлшек сауда орталығы маңындағы бұл аймақты бақылау үшін тәртіп сақшылары ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) іске қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Бұл шараға 31 қаңтарда аталған қиылыста орын алған қайғылы жағдай себеп болды. Естеріңізге сала кетейік, жолды белгіленбеген жерден өтпек болған жаяу жүргінші жүк көлігінің астына түсіп, оқиға орнында тіл тартпай кеткен еді. Полиция мәліметінше, бұл учаске жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің салғырттығынан жиі апат ошағына айналады.

Рейдтің алғашқы сағаттарында-ақ инспекторлар 200-ден астам ереже бұзу дерегін тіркеді. Оның басым бөлігі — жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өткен тұрғындар. Дрондардың көмегімен жоғарыдан түсірілген бейнежазбалар кінәлілерді жедел анықтауға мүмкіндік беруде.

Алматы қаласы Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаевтың айтуынша, жол апатының басты себебі — қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемеу.

«Ересектерге айтарымыз: балаларға үлгі болыңыздар. Егер сіз жолды рұқсатсыз жерден өтсеңіз, балаңыз да солай істейді. Бұл — түзетуге келмейтін қателікке әкеп соғуы мүмкін», — деді Серік Шумаев.

Құзырлы орган мұндай рейдтердің қаланың басқа да қауіпті жерлерінде тұрақты түрде өткізілетінін мәлімдеді. Негізгі мақсат — айыппұл салу емес, адам өмірін сақтап қалу дейді.