Тайландқа демалуға барған қазақстандық комада жатыр
Дәрігерлер оған бірнеше күрделі диагноз қойды
Тайландта демалыста жүрген Қостанай тұрғыны Алексей Вивтоненко ауыр халде ауруханаға түсті. Ол қазір Пхукеттегі клиникалардың бірінде жансақтау бөлімінде жатыр. Туыстары отандастарынан көмек сұрап, қаржы жинауды бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алексей Вивтоненко Тайландқа демалуға барған. 31 қаңтарда оның денсаулығы күрт нашарлап, медициналық көмекке жүгінген. Алғашқы емнен кейін беті бері қарағандай болғанымен, 2 ақпанда жағдайы қайта қиындап, ауруханаға өте ауыр халде жеткізілген.
Дәрігерлер оған бірнеше күрделі диагноз қойды:
- Сепсиспен асқынған созылмалы панкреатит;
- Бүйректің зақымдануы;
- * Екі жақты пневмония.
«Қазір ол медикаментозды комада жатыр. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, сонымен қатар гемодиализ жасалып жатыр», — дейді науқастың жақындары.
Отбасының айтуынша, стандартты медициналық сақтандыру тек алғашқы екі күнді ғана (10 мың доллар көлемінде) өтеген. Қазіргі уақытта сақтандыру лимиті толық таусылған.
4 ақпаннан бастап барлық шығынды отбасы өз мойнына алды. Vachira Phuket Hospital клиникасында жансақтау бөлімінде жатудың бір күндік құны 860 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін (55-70 мың бат) жетеді. Бұл сомаға ота жасау шығындары кірмейді. Аурухана әрі қарай емдеу үшін 500 мың бат көлемінде депозит талап етіп отыр.
«Қазақстанға тасымалдау мүмкін емес»
Дәрігерлердің айтуынша, Алексейдің жағдайы өте мүшкіл, сондықтан оны қазіргі уақытта Қазақстанға тасымалдауға рұқсат жоқ. Туыстары әлеуметтік желі арқылы халықтан көмек сұрап, Алексейдің өмірін сақтап қалу үшін жанталасып жатыр.